Ғалымдар 400 жыл бұрын жерленген "вампирдің" бет-әлпетін қалпына келтірді

Бүгін, 19:45 / Ербұлан Қайрат
сурет: euronews.com / Alessio Panunzi and Alberto Novelli/© Gallerie Nazionali di Arte Antica, Ministero della Cultura

Биоархеологтар шамамен 400 жыл бұрын "вампир" деп күдікпен жерленген адамның бет-бейнесін қайта жасап шықты. Бұл жаңалық 2023 жылы Хорватия аумағында жүргізілген археологиялық қазба жұмыстарынан кейін белгілі болды, деп хабарлайды turkystan.kz euronews.com-ға сілтеме жасап.

Зерттеушілер қазба кезінде ерекше тәсілмен жерленген ер адамның қаңқасын тапқан. Ол бетімен төмен қаратып көмілген. Мамандардың айтуынша, мұндай жерлеу тәсілі ежелгі славян халықтарының сенімінде өлген адамның қайта тіріліп, адамдарға зиян келтіруінен сақтану үшін қолданылған. Сол кезеңдегі наным бойынша, осылай көмілген адам «вампирге» айнала алмайды деп есептелген.

Ғалымдар табылған бас сүйек негізінде заманауи цифрлық әдістерді пайдаланып, адамның бет әлпетін реконструкциялады. Нәтижесінде шамамен XVII ғасырда өмір сүрген ер адамның келбеті қалпына келтірілді.

Мамандар бұл зерттеу тек сыртқы бейнені қалпына келтірумен шектелмей, сол дәуірдегі қоғамның қорқыныштары, мифтері мен жерлеу дәстүрлері туралы да маңызды мәлімет беретінін айтады. Сарапшылардың пікірінше, мұндай жерлеулер Еуропаның кейбір өңірлерінде орта ғасырлар мен жаңа дәуірдің басында жиі кездескен.

Зерттеушілер алдағы уақытта табылған сүйектерге қосымша талдау жүргізіп, адамның жасы, денсаулығы және өмір салты туралы көбірек мәлімет алуды жоспарлап отыр.

Тэгтер:

ғылым вампир