Шымкентте салмағы 650 грамм болып туған сәбиге күрделі операция жасалды

Бүгін, 17:50 / Інжу Әлихан
Шымкент Қаласының Денсаулық Басқармасы

Былтыр 30 қарашада жүктіліктің 25 аптасында экстремалды түрде небәрі 650 грамм болып қыз бала дүниеге келді, деп хабарлайды turkystan.kz.

Сәби дүниеге келген бойда ауыр жағдайына байланысты №2 қалалық аурухананың реанимация және қарқынды терапия бөлімшесіне ауыстырылып, ұзақ уақыт дәрігерлердің бақылауында болды.

Емдеу барысында нәрестеге шала туған нәрестелердің ретинопатиясы диагнозы қойылды. Бұл – шала туған балаларда жиі кездесетін және дер кезінде емделмесе көру қабілетінің толық жоғалуына алып келуі мүмкін ауыр ауру.

Дәрігерлердің үйлесімді әрі кәсіби жұмысының нәтижесінде сәбиге №2 қалалық аурухана базасында күрделі офтальмологиялық операция жасалды. Операцияның ерекшелігі – экстремалды төмен салмақпен туған нәрестеге жоғары дәлдік пен ерекше күтімді талап ететін микрохирургиялық араласудың жүргізілуінде.

Қазір сәбиге 102 күн болды. Оның салмағы 2400 граммға жетті. Нәрестенің жағдайы тұрақты, өсуі мен дамуы бойынша оң динамика байқалады. Бүгін анасы мен баласы перзентханадан шықты.

Алдағы уақытта бала тұрғылықты жері бойынша мамандардың тұрақты бақылауында болады.

Бұл жағдай – экстремалды төмен салмақпен дүниеге келген шала туған сәбилерге медициналық көмектің жоғары деңгейде көрсетіліп жатқанын және дәрігерлердің кәсібилігін тағы бір мәрте дәлелдейді.

Айта кетейік, Шымкент қаласында жыл басынан бері мерзімінен бұрын туған үш нәрестеге ретинопатия оталары сәтті жасалды.