Ақтөбедегі 4 адам қаза тапқан жол апаты: Қарсы бағытқа шыққан жүк көлігінің жүргізушісі ақталды

Бүгін, 16:32 / Алуа Арман
istockphoto.com

Ақтөбе облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты алқабилердің қатысуымен сотталушы И-ге қатысты қылмыстық істі қарады, деп хабарлайды turkystan.kz.

Ер адам жол қозғалысы ережелерін бұзып, абайсызда төрт адамның өліміне себеп болды деген айыппен сотқа тартылған.

Сотқа дейінгі тергеу органының нұсқасы бойынша, ер адам жүк көлігін басқарып келе жатып, Самара – Шымкент автожолының 921-шақырымында қарсы қозғалыс жолағына шығып кетіп, жеңіл автокөлікпен соқтығысқан.

Апат салдарынан жеңіл автокөліктің төрт жолаушысы қаза тапқан, жүргізуші орташа ауырлықтағы дене жарақатын алған.

Істі қарау нәтижесінде алқабилер көпшілік дауыспен сотталушыны кінәсіз деп таныды. Оның әрекеттерінде қылмыстық құқық бұзушылық құрамы болмағандықтан, ол ақталды.

Сотқа дейінгі тергеу барысында жіберілген заңбұзушылықтар фактілері бойынша сот жеке қаулы шығарды.

Үкім әзірге заңды күшіне енген жоқ.

Тэгтер:

Жүк көлігі Ақтөбе Жол апаты апат қарсы бағыт