4 қаңтар күні әйел әлеуметтік желілердің бірінен «Қазатомпром» компаниясы арқылы инвестиция жасап, табыс табу мүмкіндігі туралы жарнаманы көрген, деп хабарлайды turkystan.kz.
Көрсетілген сілтеме арқылы өтіп, ол өзінің жеке деректерін қалдырған. Келесі күні оған өздерін инвестициялық платформаның қызметкерлері ретінде таныстырған белгісіз адамдар хабарласқан.
Олар инвестиция арқылы қаражатты айтарлықтай көбейтуге болатынын айтқан. Уәделерге сенген әйел Kaspi қосымшасы арқылы 100 АҚШ доллары көлемінде бастапқы жарна аударған.
Жәбірленушіні табыс бар екеніне сендіру үшін алаяқтар оның шотына 11 мың теңге аударып, бұл инвестициядан түскен алғашқы табыс екенін айтқан.
Бір айдан кейін алаяқтар қайта хабарласып, салынған қаражатты екі есе көбейтеміз деп уәде беріп, 1 225 000 теңге көлемінде қосымша салым жасауды ұсынған.
Олардың сөзіне сенген әйел көрсетілген соманы аударып жіберген.
Ақшаны алғаннан кейін алаяқтар байланысқа шығуды тоқтатқан, ал олардың телефон нөмірлері өшірілген болып шыққан.
2026 жылғы 10 наурызда аталған факт бойынша Жезқазған қалалық полиция басқармасы қылмыстық іс қозғады.