Түркістанда 11 ауданның лауазымды тұлғаларына 5,4 млн теңге айыппұл салынды

Бүгін, 15:06 / Алуа Арман
istockphoto.com

Түркістан облысының мамандандырылған табиғат қорғау прокуратурасы облыс аумағында қатты тұрмыстық қалдықтарды жинауға қатысты тарифтерді есептеудің заңдылығына тексеріс жүргізді, деп хабарлайды turkystan.kz.

Нәтижесінде жергілікті атқарушы органдар тарапынан тұрмыстық қатты қалдықтарды сұрыптау және қайта өңдеу жұмыстары орындалмаған және орындауға құзіреттері болмағанына қарамастан, негізсіз төлемдер алынғаны анықталды. 

Прокурорлық қадағалау актісінің негізінде 8 ауданда (Түркістан қаласы, Шардара, Мақтаарал, Түлкібас, Қазығұрт, Келес, Отырар және Төлеби) тұрмыстық қатты қалдықтарды сұрыптау және қайта өңдеу қызметтері алынып, нәтижесінде тарифтер төмендетілді. 

Бұрын төленген қаражатты келесі төлем кезеңдерінде есепке алу арқылы қысқартуға қол жеткізіліп, кінәлі тұлғалар тәртіптік жауапкершілікке тартылды. 

Сондай-ақ, қатты тұрмыстық қалдықтарды жинау  қызметін көрсетуді конкурс өткізу арқылы жүзеге асырмаған 11 ауданның  (Арыс, Жетісай, Мақтаарал, Ордабасы, Отырар, Сарыағаш, Сауран, Созақ, Түркістан, Түлкібас және Төлеби) әкімдіктің лауазымды тұлғаларына ҚР ӘҚБтК-нің 163-бабы 1-бөлігімен үш жүз айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде әкімшілік айыппұл салынып, 5,4 млн теңге мемлекет бюджетіне өндірілді. 

Қазіргі таңда қатты тұрмыстық қалдықтарды жинау қызметін көрсету құқығы міндетті түрде конкурс өткізу арқылы жүзеге асырылу сатысында.   

Аталған бағыттағы жұмыстар жалғасын табуда.

Тэгтер:

Әкім Айыппұл Түркістан облысы аудан лауазымды тұлға