Психологтар кейде өмірді әдейі аздап «қиындату» адамның психикалық саулығына пайдалы екенін айтады. Бірқатар зерттеулер мұндай тәсіл мидың белсенділігін арттырып, психологиялық тұрақтылықты күшейтетінін көрсеткен. Бұл туралы BBC хабарлады, деп хабарлайды turkystan.kz.
Мамандардың айтуынша, адамдар көбіне өмірін барынша жеңілдетуге тырысады: дүкенге барудың орнына жеткізу қызметін пайдаланады, достармен жүзбе-жүз кездесудің орнына әлеуметтік желі лентасын қарайды. Алайда мұндай «ыңғайлылық» ұзақ мерзімде психикаға кері әсер етуі мүмкін.
Зерттеулерге сәйкес, миға күрделі тапсырмалар жетіспесе, жаңа нейрондар белсенді қолданылмай, біртіндеп жойылады. Соның салдарынан когнитивтік қабілеттер әлсіреп, зейін шоғырландыру қиындай түседі. Мәселен, соңғы жиырма жылда адамдардың бір нәрсеге назар аудару уақыты 2,5 минуттан 47 секундқа дейін қысқарған.
Gloria Mark технологияларға шамадан тыс тәуелділік адамның кейбір қабілеттерін әлсіретіп жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, GPS-ке үйреніп кету кеңістікті бағдарлау қабілетін төмендетсе, әлеуметтік желілер тірі қарым-қатынасты азайтып, әлеуметтік интеллектке әсер етеді. Ал генеративті жасанды интеллект кей жағдайда сыни ойлаудың әлсіреуіне әкелуі мүмкін.
Ғалымдардың пікірінше, адам өз еңбегімен жасаған нәтижені көбірек бағалайды. Мысалы, өз қолымен дайындалған тағам немесе көп еңбекпен жеткен жетістік әлдеқайда құнды сезіледі. Мұндай кезде мидағы марапатқа жауап беретін аймақтар белсендірек жұмыс істейді.
Сондықтан мамандар миға «жаттығу» беру үшін кейбір қарапайым әрекеттерді ұсынады: кітап оқу, мәтінді өз қолымен жазу, жаңа дағдыларды үйрену немесе таңертең оянғаннан кейін жарты сағат телефон қолданбау. Мұндай шағын өзгерістер миға ақпаратты өңдеуге уақыт беріп, психикалық тепе-теңдікті сақтауға көмектеседі.