Референдум ашық әрі заңға сай өтті – ТМҰ бақылаушылары

Бүгін, 11:51 / Алуа Арман

Референдум күні Түркі мемлекеттері ұйымы миссиясы үш топқа бөлініп, Астана қаласындағы 31 дауыс беру учаскесінде мониторинг жүргізді, деп хабарлайды turkystan.kz.

Бұл туралы Халықаралық байқаушыларға қолғабыс көрсету орталығында өткен баспасөз конференциясында ұйымның Бас хатшысының орынбасары Омер Коджаман мәлімдеді. Оның айтуынша, миссия әкімшілік немесе құқық қорғау органдарының дауыс беру учаскелерінің жұмысына араласуын байқамаған. Адамдар өз еркімен келіп дауыс берген.

«Миссия ешқандай маңызды заң бұзушылықтар мен сәйкессіздіктерді байқамады. Дауыс беру учаскелерінде халықаралық және жергілікті байқаушыларға барлық жағдай жасалған, бәрі қолжетімді болды. Олар жұмыстарын еш қиындықсыз атқарды. Қажетті ақпарат пен техникалық құрал-жабдықтар жеткілікті болды. Сондай-ақ миссия дауыс беру учаскелерінде ешқандай рұқсат етілмеген, заңсыз материалдарды байқамады. Мүгедектігі бар адамдар да өздерінің конституциялық құқықтарын жүзеге асыра алды. Миссия ақпараттың дұрыс таралуы референдумның сәтті өтуіне ықпал етті деген қорытындыға келді. Түркі мемлекеттері ұйымының миссиясы Қазақстан Республикасында референдумның ашық әрі транспарентті түрде өткеніне көз жеткізді. Барлығы халықаралық стандарттарға және елдің ұлттық заңнамасына сәйкес өткенін мәлімдейміз», – деді спикер.

Тэгтер:

референдум бақылаушы жаңа Конституция ТМҰ