Әр көктем сайын бүкіл Қазақстан бойынша 10 мың ауыл оқушысы IQanat Олимпиадасының ІІ турына қатысу үшін өз ауылынан облыс орталығына барады. Олардың көбі үшін бұл – өз ауылынан ұзап шығудың алғашқы мүмкіндігі, деп хабарлайды turkystan.kz.
Оқушылар үшін бұл сапар Олимпиаданың финалына өтіп, IQanat мектеп-пансионатында оқу немесе интенсивті академиялық бағдарламаларға қатысу жолындағы кезекті қадам.
Жоба ұсынатын мүмкіндіктердің артында адамдар – жобаның қамқоршылары, қазақстандық кәсіпкерлер тұр. Дәл осы жыл сайын өтетін Олимпиадада меценаттар мен ауыл балаларын ұзақ жылға байланыстыратын оқиғалар бастау алады.
Олардың бірі – Алматы облысынан өткен жылғы Олимпиадаға қатысқан Нұрсаида Алдабергеннің оқиғасы. Ол іріктеудің барлық кезеңінен өтіп, күн-түн демей дайындалды, алайда финалда оған бар болғаны бірнеше балл жетпей қалды. Нұрсаиданың өңірінің қамқоршысы, кәсіпкер Андрей Захаров оқушыға IQanat мектебіне қосымша – атаулы грант беру жөнінде шешім қабылдады.
«Алматыда мен Андрей ағаның қолынан сертификат алып тұрған кезде біздің ауылда жарық өшіп қалыпты. Соған байланысты отбасым бұл жетістігім туралы бастапқы уақытта білген де жоқ. Есесіне, кейін менің әлемдегі ең күшті мектепте оқитынымды естігенде бәріміз де шексіз қуандық», – дейді оқушы қыз.
Қамқоршы Нұрсаиданы оның нәтижелеріне ғана қарап таңдамағанын еске алады.
«Мен шешім қабылдағанда Нұрсаидамен таныс емес едім. Бірақ, оның анасы Ағира үш баланы жалғыз тәрбиелеп өсіріп жатқанын білуші едім. Бұл – құрметке лайық ерлік деп білемін. Кейін олармен танысып, жақын араласқан сайын шешімімнің дұрыс болғанын түсінемін. Қазір Нұрсаиданың қандай жауапты әрі ұқыпты оқушы екенін көріп жүрмін. Оған қоса, оның анасымен қарым-қатынасы да мені толқытты. Менің отбасымда да балалармен дәл сондай ашықтық бар», – деді ол.
Кәсіпкердің айтуынша, оның шешіміне жеке өзінің оқиғасы да әсерін тигізген.
«Менің анам дүние салғанда мен үшін өте ауыр болды. Ол өте мейірімді жан болатын, көршілерге, оқушыларға, аула сыпырушыларға, мүгедек жандарға, үйсіз жануарларға көмектесіп жүретін. Ол өмірден өткен соң біз оның атында қайырымдылық қорын құрып, адамдарға көмектесуді жалғастырдық. Қор арқылы біз IQanat балаларына, оның ішінде Нұрсаидаға да қолдау көрсетеміз», - дейді ол.
Андрей Захаров жұбайы мен қызымен бірге, сонымен қатар Нұрсаида, оның анасы мен тәтесі
Қазір Нұрсаида Бурабайдағы IQanat мектебінде оқиды, қытай тілін меңгеріп, халықаралық емтихандар мен ҰБТ-ға дайындалып жүр. Бірақ, қамқоршысымен байланысын үзген емес. Ол қамқоршысымен WhatsApp арқылы жетістіктерін бөлісіп, оны «мистер Андрей», ал жұбайын «миссис Марина» деп атайды. Меценат Нұрсаиданың барлық бастамаларына қолдау көрсетеді. Тіпті, оңтүстіктің қызын Бурабайдың суық қысына дайындап, жылы киім, етік және спорт формасын сатып әперді.
IQanat-та мұндай оқиғалар аз емес. Қазір бүкіл ел бойынша Нұрсаида былтыр өткен секілді іріктеу болып жатыр. Ол көптеген ауыл баласының тағдырын өзгертетін мүмкіндік.
Олимпиаданың ІІ туры 15-29 наурыз аралығында өтеді және бірінші кезеңге қатысқан 60 мың оқушыдан іріктелген үздік 10 мың сегізінші сынып оқушысының басын қосады. Оның қорытындысында жазда Буарабайдағы IQanat мектеп-пансионатында оқуға грант үшін таласатын 1000 финалист анықталады. Онда балаларды халықаралық стандарттар бойынша мықты білім беру бағдарламалары, үздік ұстаздар мен университетке түсуге арналған интенсивті дайындық күтіп тұр.
IQanat – қазақстандық 240 кәсіпкердің білім беру жобасы. Олардың қолдауы мен мықты бағдарламалардың арқасында мектеп түлектерінің 94%-ы грант жеңіп алады және қазірдің өзінде әлемнің 19 елінде білім алып жатыр.