Шымкентте вейптерді заңсыз сатқан күдіктілер ұсталды

Бүгін, 11:15 / Інжу Әлихан
Polisia.kz

Шымкент қаласында полиция қызметкерлері электронды тұтыну жүйелерін заңсыз сату жайттарының жолын кесті, деп хабарлайды turkystan.kz.

Профилактикалық іс-шаралар барысында тәртіп сақшылары қаладағы дүкендердің алдында вейп өнімдерін сатып жүрген екі ер адамды анықтады.

Сонымен қатар полицейлер электронды тұтыну жүйелерін мессенджер арқылы сатуды ұйымдастырған Түркістан облысының тұрғынын да әшкереледі. Бұл мақсатта ер адам мессенджерде арнайы топ ашып, онда вейптерді жарнамалап, сатумен айналысқан.

Жүргізілген жұмыстар нәтижесінде құқық бұзушылардан шамамен 100 электронды тұтыну жүйелері тәркіленді. Қазіргі таңда аталған жайттар бойынша тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр.

Полиция шегілмейтін темекі бұйымдарының және вейптердің айналымы қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғатынын ескертеді.