Алматыда референдум күні қала тұрғындары дауыс беруге белсенді қатысып жатыр. Көпшілік учаскелерге отбасыларымен, достарымен және әріптестерімен бірге келген. Кейбір учаскелерде ерекше мерекелік атмосфера қалыптасып, сайлаушыларды түрлі кейіпкерлер қарсы алуда, деп хабарлайды turkystan.kz Алматы қаласы әкімдігіне сілтеме жасап.
№239 учаскеде Супермен, Темір адам, Капитан Америка және Джокер сияқты танымал суперқаһармандар көрінді. Ал №175 учаскеде келушілерді «Бүркіт» бейнесіндегі ұзын бойлы қуыршақ қарсы алды. Сондай-ақ, бір тұрғын учаскеге пингвин костюмін киіп келген.
18 жастағы студент Нұрсұлтан Дадыл Threads әлеуметтік желісінің бейнесіндегі костюм киіп келіп, өмірінде алғаш рет дауыс берді.
Референдум учаскелерінде қазақ эпостары мен аңыздарындағы батырлар кейпіндегі қатысушылар да байқалды. Ал учаскелердің бірінде әлеуметтік желілерде танымал жасанды интеллект кейіпкері — Барыс Әділет символикалық түрде «дауыс берді».
Дауыс беру күнінің тағы бір ерекшелігі ұлттық киімдер болды. Ұйғыр диаспорасының өкілдері Қалқаман және Қарағайлы шағынаудандарындағы учаскелерге дәстүрлі киім киіп келіп, мерекелік көңіл күй сыйлады.