Ел аумағындағы референдум учаскелеріне ұлттық киіммен келіп жатқан дауыс берушілер жетерлік. Жетісу облысы Талдықорған қаласының №430 дауыс беру учаскесіне бақылаушы болып бекітілген Салтанат Теңізбаева да қала тұрғындарының Наурыздың он күндігінің аясында ұлттық киім киіп, көпке үлгі болғанын айтады, деп хабарлайды turkystan.kz.
«Бүгін мен Жетісу облысы Талдықорған қаласында референдум барысында №430 сайлау учаскесіне байқаушы ретінде келдім. Таңертең учаске уақытына сәйкес дер кезінде ашылды. Іс-шараның басында Қазақстан Республикасының Әнұраны шырқалып, барлық рәсімдер заң талаптарына толық сай ұйымдастырылғанын байқадым.
Учаскеде ерекше мерекелік көңіл-күй сезіледі. Кейбір тұрғындар қазақы ұлттық нақыштағы киімдер киіп келіп, бұл күннің маңыздылығын айрықша көрсетіп тұр. Алғаш болып дауыс беруге келген азаматқа арнайы сыйлық табысталып, жиналған жұрт оған құрмет көрсетті. Мұның өзі тұрғындардың белсенділігін арттырып, ортақ мерекелік атмосфера қалыптастырды.
Жалпы, учаскеге келіп жатқан азаматтардың көңіл-күйі көтеріңкі. Көпшілік референдумның маңызын жақсы түсінетінін аңғаруға болады. Әрбір адам ел болашағына бей-жай қарамай, мемлекет дамуына қатысты маңызды тарихи шешім қабылдауға өз үлесін қосуға дайын екенін байқатып жатыр.
Байқаушы ретінде мен дауыс беру үдерісінің ашық әрі заң талаптарына сай өтіп жатқанын көріп отырмын. Бұл – қоғамдағы жауапкершілік пен азаматтық белсенділіктің айқын көрінісі. Осындай маңызды сәттерде халықтың бірлігі мен ел тағдырына деген жанашырлығы ерекше сезіледі.», – дейді бақылаушы.