БҚО-да референдумда дауыс беруге келген «Алтын той» иелеріне сыйлық табыс етілді

Бүгін, 17:10 / Дана Ізтілеуова

Батыс Қазақстан облысы Жарсуат ауылындағы №108 сайлау учаскесіне дауыс беруге келген «Алтын той» иелері Оразовтар жанұясына сыйлық табыс етілді, деп хабарлайды turkystan.kz.

Отағасы Амандавлет Оразов 1948 жылы Жарсуат ауылдық округіне қарасты Қарашығанақ ауылында дүниеге келген. Ал жұбайы Қаламқас Жұмашева қазіргі Кеңтүбек ауылының тумасы. Амандавлет аға мектеп бітіргеннен кейін Бөрлі техникумында білім алып, еңбек жолын өз туған жерінде бастаған. Ол ұзақ жылдар бойына Жарсуат ауылдық округінде бригадир, инженер-механик, ауылдық кеңестің төрағасы сияқты түрлі жауапты қызметтерді атқарған. Ағамыз бір жылдары «Ақсайгазпромэнерго» компаниясында да жұмыс істеп, адал еңбек еткен. Жалпы 47 жыл еңбек етіп, 2012 жылы зейнеткерлікке шыққан.

Ал Қаламқас апамыз Ақсай қаласындағы статистика басқармасында адал еңбек етіп, 2007 жылы зейнетке шыққан. Апамыздың еңбек өтілі – 25 жыл.

Амандавлет ағамыз бен Қаламқас апамыз 1976 жылы шаңырақ көтерген. Бүгінде «Алтын той» иелерінің 1 ұл, 1 қыздан 4 немере мен 2 шөберелері өсіп келеді. Үлгілі отбасының негізін қалаған Оразовтар әулеті –  бүгінгі жас отбасыларға үлгі.

– Бүгін біздер референдумға өз дауысымызды беруге келдік. Еліміз үшін маңызды науқанға әр азамат қатысуға міндетті. Бүгін – әр қазақстандық үшін ерекше тарихи күн. Себебі елімізде ҚР-ның жаңа Конституциясын қабылдау бойынша республикалық референдум өтуде. Бастысы еліміз дамып, көркейе беруін тілеймін, – деп «Алтын той» иелері учаскеге жиналған халыққа өз баталарын берді.

№108 референдум учаскесінің төрағасы Марат Садықов 50 жыл отасқан отбасыны алтын тойларымен құттықтап, сыйлық табыстады.