Қасым хан, Есім хан мен Тәуке хан болып киінген азаматтар дауыс беруге барды

Бүгін, 16:20 / Ербұлан Қайрат
сурет: Қызылорда облысы әкімдігі

Қызылорда қаласындағы №375 референдум учаскесінде ерекше акция өтті. Қазақтың үш ханы Қасым хан, Есім хан және Тәуке хан бейнесіндегі азаматтар референдумға қатысып, өз таңдауларын жасады, деп хабарлайды turkystan.kz Қызылорда облысы әкімдігіне сілтеме жасап.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл бастама халықтың тарихи санасын жаңғыртып, азаматтардың саяси белсенділігін арттыруды мақсат етеді. Өйткені тарихта Қасым ханның «Қасқа жолы», Есім ханның «Ескі жолы», ал Тәуке ханның «Жеті жарғысы» қазақ қоғамында құқықтық тәртіп пен бірліктің негізін қалаған маңызды заңдар жүйесі ретінде белгілі.

Бүгінгі Ата заң да сол тарихи құқықтық дәстүрдің жалғасы ретінде елдің дамуына бағыт беретін басты құжат саналады. Осы арқылы ұйымдастырушылар тұрғындарға ел болашағына қатысты маңызды шешімдерге бейжай қарамау керектігін жеткізуді көздеген.

Қазіргі уақытта Қызылорда қаласындағы референдум учаскелерінде дауыс беру процесі заң талаптарына сай ашық әрі ұйымдасқан түрде өтіп жатыр. Қала тұрғындары өз таңдауларын жасап, маңызды саяси науқанға белсенді қатысуда.

Тэгтер:

референдум