Батыс Қазақстан облысында жаңа Конституция жобасы бойынша өтіп жатқан республикалық референдумға бақылаушы ретінде бекітілген Саят Тарғынов оралдықтардың белсенділігі анық байқалатынын айтады, деп хабарлайды turkystan.kz.
«Орал қаласындағы № 488 учаскеде дауыс беру процесін бақылап отырмын. Мұнда бәрі заң талаптарына сай өтіп жатыр. Таңертеңнен бері азаматтар белсенділік танытып, өз таңдауын жасауда. Учаскеде тәртіп сақталған, барлық процедура ашық әрі әділ жүргізілуде. Біздің негізгі міндетіміз – дауыс беру процесінің әділ әрі заңға сәйкес өтуін қадағалау. Әзірге ешқандай заң бұзушылық байқалған жоқ. Бастысы – азаматтардың белсенділігі жоғары, бұл олардың елдің болашағына бей-жай қарамайтынын көрсетеді. Себебі референдум – еліміздің болашағына қатысты маңызды шешім қабылдауға мүмкіндік беретін құрал. Осылайша тұрғындар мемлекет дамуына ықпал ете алады. Халықтың белсенділігі бұрынғыдан едәуір жоғары. Бәрінің көңіл-күйі көтеріңкі», – дейді бақылаушы.