Республикалық референдумда Түркістан облысы Сайрам ауданында көкпаршылар мен байкерлер де өз таңдауларын жасап, дауыс беруге белсене қатысты. Ұлттық спорт пен еркіндік рухын серік еткен азаматтар ел болашағына бейжай қарамай, өздерінің азаматтық ұстанымдарын танытты. Олар сайлау учаскесіне арнайы келіп, референдумға қатысу әрбір азаматтың ортақ жауапкершілігі екенін атап өтті. Бұл бастама жастарға үлгі болды, деп хабарлайды turkystan.kz referendum2026.kz-ке сілтеме жасап.
"Референдумға қатысу – әр азаматтың үлкен жауапкершілігін көрсететін маңызды қадам. Өйткені референдумда қабылданатын шешімдер елдің болашағына, қоғамның дамуына және мемлекет саясатының бағытына тікелей әсер етуі мүмкін. Әр азамат дауыс беру арқылы қоғамдағы маңызды өзгерістерге өз үлесін қосады. Егер халық белсенді болып, өз пікірін білдірсе, қабылданған шешімдер де халықтың еркіне негізделеді. Бұл демократиялық қоғамның дамуына ықпал етеді. Сонымен қатар, референдумға қатысу жауапкершілігі адамдарды елдегі мәселелерге тереңірек назар аударуға шақырады. Азаматтар ұсынылған бастамалардың мәнін түсініп, оның қоғамға тигізер әсерін ой елегінен өткізуі тиіс. Осындай саналы таңдау ғана мемлекет дамуының дұрыс бағытын айқындауға көмектеседі", - деді аудан тұрғыны Жаңабек Бектұрғанов.
Айта кетсек, Сайрам ауданы бойынша республикалық референдум өткізу үшін 85 дауыс беру учаскесі жұмыс істеп тұр. Ауданда 134 219 азаматтың дауыс беру құқығы бар. Барлық учаскелер қажетті құрал-жабдықтармен, материалдық-техникалық жағынан толық қамтамасыз етілген. Тұрғындар референдумға белсенді қатысып, өз таңдауларын жасап жатыр.