Қостанайда учаскеге ұлттық киім киіп келген дауыс берушілер жетерлік – бақылаушы

Бүгін, 15:25 / Дана Ізтілеуова

Қостанайлықтар Наурыздың 10 күндігіне аясында дауыс беру учаскелеріне ұлттық нақыштағы киімдер көптеп киіп келуде. Бұл туралы Қостанайдағы №30 дауыс беру учаскесінің бақылаушысы Ақбота Мырзағалиева айтты, деп хабарлайды turkystan.kz.

«Біздің учаскеге қарияларымызбен қатар, жас буын өкілдері де келіп жатыр. Алғаш  рет  дауыс берген қаламыздың жас тұрғындарына, сондай-ақ бүгінгі туған күн иелеріне естелік сыйлықтар табыс етілуде. Түс болса да, келушілер саны көп. Барлығы дауыс беру өзінің азаматтық борышы екенін жете түсінетіні анық байқалады.

Учаскеде дауыс беру процесі ашық әрі ұйымдасқан түрде өтіп жатыр. Барлық талап сақталған, сондықтан референдумның әділ әрі ашық өтуіне барлық жағдай жасалған деп толығымен айта аламын.

Тағы бір айта кетерлігі, Наурыздың 10 күндігі қарсаңында ұлтық киім киіп, қазақы нақыштағы әшекейлер тағып келген дауыс берушілер жетерлік. Соның ішінде өзім де үлгі көрсетейін, онкүндікке атсалысайын деп ұлттық киімімді киіп келдім.

Жалпы, біздің учаскеде дауыс берген халықтың көңіл күйі көтеріңкі. Оларға бүгін тек референдум күні емес, сонымен қатар мереке екенін сездіру үшін учаскеде музыкалық номермен «көмкерілген» ән де, ұлттық киіммен «безендірілген» сән де бар», – дейді бақылаушы.