Референдумға жас отбасылардың кішкентай балаларымен бірге келіп жатқаны ерекше әсер қалдырды – бақылаушы

Бүгін, 13:55 / Дана Ізтілеуова

Саран қаласында жасы үлкендер ғана емес, сонымен қатар жас отбасылардың кішкентай балаларымен бірге келіп, отбасылық құндылықтарды дәріптеп, мерекелік көңіл күймен дауыс беріп жатқаны ерекше әсер қалдырады. Бұл туралы Қарағанды облысы, Саран қаласында орналасқан №239 учаскесінің бақылаушысы Ернар Махаметчин айтты, деп хабарлайды turkystan.kz.

"Мен Қарағанды облысына қарасты Саран қаласында орналасқан №239 учаскеде “AMANAT” партиясының атынан бақылаушы болып қатысып отырмын. Учаске өз жұмысын бастаған сәттен бастап-ақ қала тұрғындары белсенділік танытып, ел болашағына бей-жай қарамайтынын көрсетуде. Халық өз ұстанымдарын білдіріп, азаматтық парызын орындау үшін екпінді түрде келіп жатыр. Дауыс беру үдерісінің ашық, ерікті және заң талаптарына толық сай өтіп жатқаны қуантады. Сайлау комиссиясы тарапынан да, сайлаушылар тарапынан да ешқандай заңбұзушылық тіркелген жоқ. Бұл учаскенің тағы бір ерекшелігі, мұнда қаламыздың байырғы тұрғындары көп шоғырланған. Ардагер тұрғындардың белсенділігі ерекше байқалады. Сонымен қатар жас отбасылардың кішкентай балаларымен бірге келіп, отбасылық құндылықтарды дәріптеп, мерекелік көңіл күймен дауыс беріп жатқаны ерекше әсер қалдырды.
Қазірге дейін учаскеге тіркелген сайлаушылардың шамамен 50 пайызға жуығы өз таңдауын жасап үлгерді. Бұл – халықтың ел тағдырына деген жауапкершілігінің айқын көрінісі.
Бүгінгі күн – ел бірлігі мен азаматтық жауапкершіліктің көрінісі. Әрбір дауыс — Отанымыздың жарқын болашағына қосылған үлес. Қазақстанымыздың тұрақтылығы мен дамуы үшін халқымыздың осындай белсенділігі әрдайым жоғары болсын!", – дейді бақылаушы.