Жаркент қаласының тұрғыны Нағиман Шалабаева №290 дауыс беру учаскесіне келіп, өз таңдауын жасады. Ғасырдан асқан әже еліміздегі маңызды саяси оқиғадан қалыс қалмай, азаматтық белсенділіктің үлгісін көрсетті, деп хабарлайды turkystan.kz.
Нағиман апа өмірінде 13 бала дүниеге әкелген. Бүгінде оның 36 немересі, 103 шөбересі және 13 шөпшегі бар. Құрметті әже жүз жастан асса да, өзін сергек сезінетінін айтып, әрдайым елдегі маңызды шараларға қатысып келеді.
«Бүгін таңертеңнен осында келуге дайындалдым. Осы жасқа келгенше талай сайлауда дауыс бердім. Өмірде көп нәрсені көрдік: аштықты да, жоқшылықты да бастан өткердік. Қазір шүкір, барлығы бар. Жастар қанағатшыл болуы керек. Елу жылда ел жаңа дейді ғой. Менің дауыс беруім – сол жаңаруға қосқан үлесім. Ештеңе жасамасаң да, өз еліңді қолда. Менің жасымды берсін сендерге», – дейді Нағиман апа.
Дауыс беруге келген тұрғындар абыз ананың батасын алып, құрметтерін білдіріп жатыр.
Жалпы Панфилов ауданында 79 референдум учаскесі бар. Онда 84 410 тұрғын дауыс беру құқығына ие.