Белгілі ақын, TÚRKISTAN халықаралық газетінің бас редакторы, Қазақстан Жазушылар одағы Астана қалалық филиалының төрағасы Бауыржан Бабажанұлы республикалық референдум аясында өтіп жатқан«Референдум – 2026» атты онлайн марафон кезінде кітап пен газет оқу мәдениетінің маңызын атап өтті, деп хабарлайды turkystan.kz.
«Кітап пен газет оқу мәдениетін мектептен бастап қалыптастыру керек. Мысалы, біз – кітап пен газет оқып өскен буын өкілдеріміз. Бала күнімізде алыс ауылдағы мектепте оқыған бізді газет оқуға міндеттейтін. Бірақ біз одан жаман болған жоқпыз. Қазір «Мектепте олай істеуге болмайды, бұлай істеуге болмайды» дегенді жиі естиміз. Тіпті, «Мұғалімдерге газет жаздырып алуға болмайды» деген де жиі айтылады. Ал біздің оқушы кезімізде балаларға да міндеттейтін. Біздің сыныпта 18 ер бала болдық. «Балдырған», «Қазақстан» пионерінен бөлек, сол 18-іміз «Спорт» газетіне жазылатынбыз. Спорт десе ішер асын жерге қоятын біз үнемі дауласып, «Бұл – менің командам» деп футбол командаларын өзімізше меншіктеп, сол газетте олар туралы ақпаратты оқу үшін асыға күтетінбіз.
Қазір балаларға газет оқуды міндеттемей-ақ қоялық. Бірақ мектептердегі кітапханаларға «Ақжелкен», «Балдырған», «Ұлан» секілді газет-журналдарды көптеп жаздыртса бала қызығып, таласып жүріп оқитыны анық. Бүгін «Ақжелкен», «Балдырған», «Ұланды» оқыған бала ертең TÚRKISTAN, «Ана тілі», «Egemen Qazaqstan» газеттерін оқитын болады», – дейді Б.Бабажанұлы.