Түркістан облысында 103 жастағы кейуана референдумда дауыс берді

Бүгін, 09:43 / Інжу Әлихан
Түркістан Өңірлік Коммуникация Қызметі

Түркістан облысы Сауран ауданы Ескі Иқан ауылдық округінің тұрғыны 103 жасқа толған Хапиза Халибекқызы референдумда өз таңдауын жасады, деп хабарлайды turkystan.kz.

Жасы жүзден асқан қария елдегі маңызды саяси науқаннан шет қалмай, азаматтық белсенділігін көрсетті. №97 учаске өкілдері Хапиза апаның шаңырағына арнайы барды. 

Айта кетсек, Сауран ауданы бойынша республикалық референдумға арналған 41 дауыс беру учаскесі таңғы сағат 07:00-де өз жұмысын бастады. Аудан бойынша референдумға қатысуға құқылы сайлаушылардың жалпы саны - 52 349 адам. Барлық референдум учаскелері қажетті материалдық жабдықтармен толық қамтамасыз етілген. Сонымен қатар, учаскелерге алғашқы болып келген азаматтарға арнайы сый-сияпаттар табысталып жатыр. Қазіргі уақытта аудандағы барлық учаскелерде дауыс беру науқаны белгіленген талаптар мен ережелерге сәйкес өтіп жатыр.