Қазгидромет мамандары Қазақстанның бірқатар қаласында ауа сапасына байланысты болжам жариялады.
Мекеме мәліметінше, 15 наурыз күні Алматы, Орал, Қарағанды, Балқаш, Жезқазған, Теміртау және Ақтөбе қалаларында ауаның ластануына байланысты қолайсыз метеорологиялық жағдайлар күтіледі.
Сондай-ақ түнгі уақытта Қостанай мен Атырау қалаларында да осындай жағдай болуы мүмкін екені айтылды.
Синоптиктердің түсіндіруінше, қолайсыз метеорологиялық жағдайлар – атмосфераның төменгі қабатында зиянды заттардың жиналуына ықпал ететін қысқа мерзімді табиғи факторлардың жиынтығы. Оған желдің баяу соғуы, тұман, ауа инверсиясы және тымық ауа райы сияқты құбылыстар жатады.
Мұндай жағдайда елді мекендердегі атмосфералық ауаның сапасы уақытша нашарлауы мүмкін.