ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы Ерлан Қошанов Астана қаласындағы ҚТЖ ғимаратында орналасқан №128 сайлау учаскесінде дауыс берді, деп хабарлайды turkystan.kz.
Дауыс беру рәсімінен кейін ол референдумның ашық әрі әділ өтетініне сенімді екенін атап өтті.
Мәжіліс төрағасының айтуынша, елдің әр өңірінде ұйымдастыру жұмыстары жоғары деңгейде жүргізіліп жатыр.
Ерлан Қошанов референдум қарсаңында бірқатар аймақтарды аралап, халықпен кездесулер өткізгенін айтты. Сол кездесулер барысында тұрғындардың көңіл күйі мен ұсыныс-пікірлерімен танысқан.
Аймақтарды аралап, халықтың пікірін тыңдадық. Көпшілік ел болашағына бейжай қарамайтынын көрдік. Адамдар өз таңдауын жасап, маңызды шешімге жауапкершілікпен қарап отыр. Заңбұзушылық орын алмайды деген ойдамын, – деді ол.
Сонымен қатар, Мәжіліс төрағасы бүгінгі саяси науқан азаматтардың белсенділігі мен ел тағдырына деген жауапкершілігін көрсететінін атап өтті.
Оның сөзінше, референдум ел дамуы үшін маңызды қадамдардың бірі болмақ.