Паралимпиада чемпионы Ербол Хамитов әлеуметтік желідегі парақшасында өз командасына алғыс айтып, жеңістің артында үлкен еңбек тұрғанын атап өтті, деп хабарлайды turkystan.kz.
Спортшының айтуынша, циклдік спорт түрлерінде жеңіс тек жеке дайындыққа ғана емес, спортшының артында еңбек ететін мамандардың жұмысына да тікелей байланысты.
«Мен өз командамды ерекше атап, алғысымды білдіргім келеді. Циклдік спорт түрлерінде жеңіс – тек өзіңнің 100% дайын болуың ғана емес. Бұл – сенің артыңда еңбек ететін, сені дайындайтын, сен үшін жұмыс істейтін адамдардың үлкен еңбегі», – деп жазды ол.
Спортшы ең алдымен жеке бапкері Антон Владимирович Жданович, екінші бапкері Аслан Токбаев және бас бапкер Василий Коломиецке алғыс айтты.
Сонымен қатар шаңғы мен спорттық инвентарьдың дайындығына жауапты сервис командасының мүшелері Евгений Рыбинцев пен Виктор Петровичке ризашылығын жеткізді.
Хамитов өзінің физикалық және психологиялық дайындығына жауап беріп жүрген Нуриля Альменова мен Вячеславке де ерекше алғыс білдірді.
Бұдан бөлек, спортшы жаттықтырушы-консультант, Паралимпиада ойындарының алты дүркін чемпионы Роман Петушковтің көмегін ерекше атап өтті.
«Біз бұл ұсыныспен Мәдениет және спорт министрлігіне жүгінген едік, олар бізді қолдады. Роман бізбен бір жылдан аз уақыт жұмыс істеп жатса да, үлкен көмегін тигізіп келеді», – деді ол.
Сондай-ақ шаңғыларды тестілеумен айналысатын Константин Рыбинцев пен Ермек Ормантаевке, сондай-ақ спортшы Анна Грачеваның гидіне де алғыс айтты.
Хамитов Паралимпиадаға аттанар кезде қолдау көрсеткен Қайрат Советаевичке де ризашылығын жеткізді.
Сонымен бірге ол Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа қолдауы үшін ерекше алғыс білдірді.
«Сізден туды алған кезде мен: “Қазақстанның Әнұраны шырқалуы үшін бар күш-жігерімді саламын” деп айтқан едім. Тағы да барлықтарыңызға қолдауларыңыз үшін үлкен рахмет. Барлығы Алланың қалауымен. Біз тарих жазып жатырмыз, ең бастысы осы», – деп жазды паралимпиада чемпионы.