Қазақстан былтыр астық пен ұн экспортын 60 пайызға арттырды

Бүгін, 12:59 / Нұрлан Әлинұр
Фото: gov.kz

Қазақстан агроөнеркәсіп кешенін тұрақты түрде дамытып, әлемдік астық нарығындағы орнын нығайтып келеді. Ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру көлемінің артуы, заманауи агротехнологиялардың енгізілуі және саланы жүйелі мемлекеттік қолдау экспорт көлемін кеңейтуге және жаңа нарықтарды игеруге мүмкіндік беріп отыр, деп хабарлайды turkystan.kz.

Көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарын мемлекеттік қолдау, қолайлы ауа райы жағдайлары және заманауи технологияларды қолданудың арқасында Қазақстан екі жыл қатарынан рекордтық астық өнімін жинады.

Өткен жылы орташа өнімділік гектарына 16,3 центнерді құраған жағдайда 25,9 миллион тонна астық жиналды, оның 19,3 миллион тоннасы бидай.

Өндіріс көлемінің өсуі экспорт көлемінің артуымен қатар жүріп келеді.

2024/2025 сауда маусымының қорытындысына сүйенсек, астық пен ұнның астық баламасындағы экспорты 15,3 миллион тоннаны құрап, алдыңғы жылмен салыстырғанда 60 пайызға артты.

Ағымдағы сауда жылында жаңа өнім астығын жеткізу көлемі 8,5 миллион тоннаға жетті, бұл 2024 жылдың осы кезеңіндегі көрсеткіштен 14 пайызға жоғары.

Қазақстан астығы қашанда Орталық Азия елдері — Өзбекстан, Тәжікстан, Қырғызстан және Ауғанстан нарықтарында жоғары сұранысқа ие.

Сонымен қатар еліміз экспорт географиясын да кеңейтіп келеді. Мәселен, астық Вьетнамға, Біріккен Араб Әмірліктеріне, Солтүстік Африка елдеріне экспортталып, Иранға, Әзербайжанға және Грузияға жеткізілімдер қайта жанданды.

Еуропа нарықтарына негізінен Durum және Hi-Pro сұрыпты жоғары сапалы бидай экспортталады.

Былтыр Қытайға мал азықтық ұн жеткізу көлемі 2,9 миллион тоннаны құрап, 2023 жылмен салыстырғанда 2,4 есе артты.

2024 жылы Қазақстан бидай экспорты бойынша әлемде 10-орын, ал арпа экспорты бойынша 9-орын иеленді.

Астықпен қатар еліміз әлемдік ұн нарығында жетекші орындарын сақтап келеді. Өндіріс көлемі 3 миллион тоннадан асады, ал экспорт көлемі 1,8 миллион тоннаға жетіп, 2024 жылмен салыстырғанда 1,2 пайызға өсті.

Ұнның негізгі өткізу нарықтары — Орталық Азия елдері, Ауғанстан, Ресей және Қытай.

Мемлекет экспорттық бастамаларды қолдауға айрықша назар аударады.

Астықты сыртқа тасымалдау шығындарын өтеу тетігінің мерзімі 2026 жылғы 1 қыркүйекке дейін ұзартылды. Бұл жеткізілім көлемінің қарқынын сақтауға және отандық өнімнің халықаралық нарықтағы орнын нығайтуға мүмкіндік береді.

Бүгінгі таңда Қазақстанның ауыл шаруашылығы өнімдері әлемнің 72-ден астам еліне жеткізіледі. Экспорттың негізгі бағыттары — Орталық Азия елдері, Еуразиялық экономикалық одақ елдері, Еуропа одағы елдері, Ауғанстан, Түркия және Қытай.

Соңғы бес жылда агроөнеркәсіп кешені өнімдерінің экспорты 1,8 есе өсіп, 3,8 миллиардтан 7 миллиард АҚШ долларына жетті.

Өткен жылы экспорт көлемі 36,9 пайызға өсіп, 7 миллиард АҚШ долларын құрады.

Агроөнеркәсіп кешені экспортының жалпы көлемінде өңделген өнімнің үлесі 51,4 пайызға жетті.