"Жобаларға қолдау көрсетуге дайынбыз": Төреғали Төреәлі Түркістан облысының әкімімен кездесті

13 наурыз, 2026 / Өтей Торғайұлы

Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров белгілі продюсер Жанат Мұқанов пен танымал әнші Төреғали Төрәлімен кездесті, деп хабарлайды turkystan.kz.

Кездесу барысында өңірдің мәдениет саласын дамыту және жаңа шығармашылық жобаларды жүзеге асыру мәселелері талқыланды.

– Киелі Түркістанға қош келдіңіздер. Тарихы тереңде жатқан өңір бүгінде қарқынды даму үстінде. Көптеген әлеуметтік, мәдени, спорттық және туристік нысандар салынды. Бірақ туризмді дамыту үшін тек ғимараттар салу жеткіліксіз, қаланың «жаны», адами капиталы, креативті индустриясы болуға тиіс. Оған өздеріңіз сияқты өнерлі, шығармашыл азаматтар үлес қосады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өз Жолдаулары мен тапсырмаларында туризмді дамыту, өңірлерді жан-жақты өркендету міндетін жүктеді. Түркістанда осы бағытта жұмыстар жүріп жатыр. Халықаралық деңгейдегі ескек есу каналы мен атшабар ашылды. Халықаралық деңгейдегі іс-шаралар, жарыстар өткіземіз. Идеялар мен ұсыныстарды талқылап, жобаларға қолдау көрсетуге дайынбыз. Түркі әлемінің орталығына айналған Түркістанның мәртебесін көтеру – абыройлы міндет,– деді Нұралхан Көшеров.

Төреғали Төрәлі Түркістанға көшіп келу жүрек қалауымен болған іс екенін айта келе жоспарлары мен жобалары туралы баяндады.

– Тарихы тереңде жатқан Түркістан ерекше ұнады. Қала өте әдемі әрі жақсы дамып жатыр. Шығармашылықты дамытып, жаңа жобаларды жүзеге асыруға дайынбыз, – деді әнші.

Тэгтер:

Түркістан Төреғали Төреәлі