Кейде адамдар бірнеше секундқа сыртқы әлемнен «ажырап кеткендей» болып, бір нүктеге қарап тұрып қалады. Көп жағдайда бұл – қалыпты құбылыс. Бірақ ағзаға мұндай күй не үшін керек?
Techinsider.ru жазуынша, мұндай кезде біздің миымыз көз алдымыздағы нәрсеге емес, басқа ойларға назар аударады. Мысалы, сіз біреумен сөйлесіп тұрсыз, бірақ ойыңыз жұмыста болуы мүмкін. Сол кезде әңгімелесушінің сөздерінің көбі «құлақтан кіріп, шығып кетеді».
Ғалымдар мұндай күйді әзілдеп «автономды режим» деп атайды.
Зерттеулерге қарағанда, адам миы сергек жүрген уақыттың шамамен 13 пайызын осындай күйде өткізеді. Бұл кейде пайдасыз сияқты көрінгенімен, шын мәнінде өте пайдалы. Мұндай кезде ми сыртқы дүниеге алаңдамай, өз ойларымен еркін жұмыс істейді. Сондықтан жаңа идеялар тууы немесе шығармашылық ойлар пайда болуы мүмкін.
Адам тағы қандай себептермен бір нүктеге қарап «қатып» қалуы мүмкін? Бұған әртүрлі себептер әсер етеді:
- Шаршау
- Мидың шамадан тыс жүктелуі
- Бір нәрсеге қатты қызығу
- Психологиялық жарақаттан кейінгі күйзеліс
- Стресс немесе қорқыныш
Қысқасы, кейде бір нүктеге қарап қалу – миымыздың демалып, ойды реттеп алу тәсілдерінің бірі.