Барлық банкке – бір QR

Бүгін, 17:15 / Ділда УӘЛИБЕК

Енді бір ғана QR кодпен кез келген банк арқылы ақша төлеуге мүмкіндік аламыз. Сатушы бірнеше терминал қоюға мәжбүр болмайды, сатып алушы ақшасы жатқан банктің терминалы бар ма екен деп алаңдамайды. Яғни, банктер өз клиенттеріне, яғни жеке кәсіпкерлер мен заң­ды тұлғаларға бір банкаралық QR код­ты оқи алатын төлем жабдықтарын ұсы­­­­нуға тиіс. Бұл бастама бірнеше жыл­дан бері талқыланып келе жатса да, то­лық іске аспай отырған еді. Енді оған нақ­ты мерзім белгіленді. Осы талап­тар­ды реттейтін жаңа ережелер 2026 жыл­дың екінші жартысынан бастап толық кү­шіне енеді.

Көшу – заң

2026 жылғы 1 шілдеден бастап елі­міз­дегі барлық екінші деңгейлі банк бір QR код арқылы төлем қабылдауға тех­ни­­­калық мүмкіндік ұсынуға міндетті бо­лады. Бұл талап «Төлем және төлем жүйе­лері туралы» заңға енгізілген түзе­ту­лер арқылы бекітілді. 
Ресми мәліметтерге сүйенсек, бұл жо­ба – Ұлттық банкке тиесілі Ұлттық тө­лем корпорациясының бастамасы.
– Жүйені бірыңғай QR немесе түрлі банк­тердің QR коды деп те атауға бола­ды. Бұл – мәселенің техникалық жағы. Оңай болу үшін бірыңғай QR десек те бо­лады. Идея 100 пайыз Ұлттық банкке тие­сілі Ұлттық төлем корпорациясының түр­лі банктер қолданысқа шығарған QR кодтарды өзара оқи алатын жүйе әзірлеуге құрылған. Дүкенде QR код ар­қылы төлем жасағыңыз келсе, Halyk не­месе Kaspi бар ма деп сұрайды. Halyk-тың картасымен Kaspi терминалында тө­лем жасай алмайсың және керісінше. Бұл тұтынушыларға да, банктердің өзі­не де қолайсыз деп ойлаймын. Өйткені тран­закцияның бір бөлігі кетіп жатыр де­ген сөз, – деп түсіндірген еді Ұлттық банк басшысы Тимур Сүлейменов бас­па­сөз мәслихаттарының бірінде.

Бәріне тиімді бастама

Демек, жобаның басты мақсаты – тұ­­тынушыларға қолайлы жағдай жасау. Қазір QR арқылы төлем жасау үшін кө­­біне белгілі бір банктің терминалы қа­­жет. Әр банктің жеке QR жүйесі бол­ған­­дықтан, кәсіпкерлер бірнеше банк­тің құрылғыларын қатар пайдалануға мәж­­бүр. Жаңа ережелер осы бөлшек­тен­­ген жүйені біріктіріп, кез келген банк қосымшасы оқи алатын бірыңғай QR-кодты енгізуді, сөйтіп бірыңғай тө­лем экожүйесін қалыптастыруды көз­дейді.
Бұл өзгеріс есеп айырысуды жеңіл­де­тіп қана қоймай, бизнестің жекелеген қар­жы ұйымдарына тәуелділігін азай­тады. Сонымен қатар онлайн ақша тө­леу де ыңғайлырақ бола түспек.
Тағы бір айта кету керек жайт – кә­сіпкерлердің шығыны азаюы мүм­кін. Ұлттық төлем корпорациясы өкіл­дерінің айтуынша, жаңа жүйеге кө­шу үшін POS-терминалдарды ауыс­тыру­дың қажеті жоқ. Банктер құрыл­ғы­лар­дың бағдарламасын қашықтан жаңар­тады. Яғни, сауда орындары бұ­рынғы терминалдарды пайдалана бере­ді. Бұл шағын және орта бизнеске қо­сым­ша қаржылық жүк түсірмеуге мүм­кіндік береді. Мұндай интеграция ал­дағы уақытта кәсіпкерлерді түрлі банк­тің бірнеше терминалынан бас тар­тып, бір ғана әмбебап құрылғыға кө­шіруі де мүмкін. 
Сонымен қатар жүйенің қауіп­сіз­ді­гі­не де ерекше назар аударылған. Ұлт­тық төлем корпорациясының төлем жүйе­лерін дамыту департаментінің ди­рек­торы Райымбек Шаймерденовтың ай­туынша, QR-код екі деңгейлі шифрлау ар­қылы қорғалған. Кодтың ішінде тө­лем деректері немесе жеке мәліметтер бол­майды. Онда тек банк домені мен тран­закцияның сәйкестендіру нөмірі ғана көрсетіледі. Бұл жеке ақпараттың та­рап кетуіне барынша жол бермейді.
Сарапшылар мен бастамашылардың пі­кірінше, бұл қадам финтех саласын­дағы бәсекені де жаңа деңгейге шы­ға­ра­ды. Банктер төлем инфрақұрылымын бө­лек құруға емес, қызмет сапасын жақ­сартуға және жаңа цифрлық өнім­дер әзірлеуге көбірек көңіл бөле бас­тай­ды.
Жалпы алғанда, бірыңғай QR жүйе­сі Қазақстандағы қолма-қол ақшасыз төлемдердің дамуына жаңа серпін беруі мүмкін. Кейінгі жыл­дары елде цифрлық төлемдер үлесі ай­тарлықтай өсті. Онлайн банкинг, он­лайн-сатып алу мен QR төлемдер күн­делікті өмірдің ажырамас бөлігіне ай­налды. Осындай жағдайда төлем инф­рақұрылымын біріктіру цифрлық эко­номиканы барынша тиімді етеді.

«Монополиямен күреске қатысы жоқ...»

Дегенмен алдағы бірнеше ай банк­тер үшін шешуші кезең болмақ. Егер қар­жы ұйымдары жүйеге қосылуды же­делдетпесе, 2026 жылғы шілдеден бас­тап заң бұзған болып саналуы ық­ти­мал. Бұл ретте реттеуші жауапкершілік ша­раларын да қарастыруы мүмкін. Се­бебі жүйені қолданысқа енгізу процесі жос­пардағыдан баяу жүріп жатыр. Бұл жо­ба 2025 жылғы қыркүйектен бастап пи­лоттық режимде іске асырылып ке­леді. Банктер жаңа төлем инф­ра­құры­лы­мын техникалық тұрғыдан сынақтан өт­кізіп, жүйені біртіндеп нарыққа ен­гізіп жатқанымен, барлық банк оған то­лық қосылған жоқ. Ұлттық төлем кор­порациясының мәліметіне сүйенсек, Қазақстандағы 23 банктің 15-і бірыңғай QR жүйесіне қосылу туралы келісімге қол қойған. Бірақ нақты қызметті әзірге 6 банк қана ұсынып отыр. Қалған банк­тер техникалық тестілеу кезеңінен ас­қан жоқ.
Бұл жағдай Қазақстандағы фин­тех экожүйесінің даму ерек­ше­лі­гін де көрсетеді. Кейінгі жылдары елде цифр­лық банкинг пен мобильді төлем­дер қарқынды дамыды. Әр банк өз қо­сым­шасын жетілдіріп, клиенттерді эко­жүйеге тартуға тырысты. Соның нә­ти­жесінде QR арқылы төлем жасау кең тарағанымен, әр банк өз жүйесін құр­ды. Кей банктердің үлесі 80 пайызға жет­ті. Мұндай фрагментация төлем инф­рақұрылымының толық интег­ра­циялануына белгілі бір деңгейде кедергі кел­тіріп отыр.
Алайда Тимур Сүлейменов бұл жо­ба­ның монополияға қарсы күреске қа­тысы жоқ екенін айтқан болатын. Сон­дай-ақ ол Bloomberg агенттігінде жа­рияланған сұхбатта сөзі сәл бұр­ма­ла­нып кеткенін жеткізді.
– Ол жерде монополияны төмен­дет­­­кіміз келетіні туралы ой сәл бұр­ма­ла­нып берілген. Шынымен де бізде тө­лем нарығының 80 пайызын игеріп отыр­ғандар бар. Бұл жақсы да, жаман да емес, қалыпты жағдай. Ал біздің тран­­­­­закциялар кедергісіз жүретіндей жүйе құрғымыз келеді. Аталған екі банк­тің басшылығы бізбен белсенді жұ­мыс істеп отыр. Ешқандай қарсылық, дү­дараздық жоқ. Банктер ондай жүйе­нің тиімді болатынын, өздеріне белгілі бір экономикалық пайдасы болатынын тү­сі­ніп отыр, – деп түсіндірді Тимур Сүлей­менов.

Руслан СҰЛТАНОВ, экономист:

Төлем нарығы интероперабель модельге өтеді

– Бұл – қаржы нарығы бірнеше жыл бойы күткен инфрақұрылым жобасы. Бұл ретте ірі қаржы экожүйелері, банктер мен реттеуші органның мүдделері тоғысып отыр, өте сирек кездесетін жайт деп айтуға болады.
Бір QR – жаңа қызмет емес, жаңа стандарт. Енді жобаға қатысатын кез келген банктің клиенті өз банкінің мобильді қосымшасы арқылы кез келген сауда нүктесінде төлем жасай алады. Яғни, тұтынушыға «қай QR жұмыс істейді?» деп нақтылап, әртүрлі логотиптердің арасында таңдау жасаудың қажеті болмайды. Бұл төлем жасау процесін барынша жеңілдетеді.
Жобаға қазірдің өзінде нарықтағы ірі ойыншылар қосылған. Сарапшылар мұ­ны бірыңғай жүйеге көшу үшін жеткілікті деп бағалайды.
Техникалық тұрғыдан алғанда, бірыңғай QR әр банктің өз ішінде қалыптасқан жабық экожүйелерін біріктіруге мүмкіндік береді. Бұған дейін әрбір қосымша өз төлем инфрақұрылымын дамытып келген болатын. Ал жаңа жүйе іске қосылған жағдайда сауда орындарында бірнеше терминал алудың қажеті болмайды, банктердің төлем арналарына қызмет көрсету шығындары азаяды, ал тұтынушылар төлем жасаған кезде тап болатын кедергілер азаяды.
Осылайша, төлем нарығы интероперабель модельге өтеді. Яғни, банктер қызмет сапасы, операция жылдамдығы, қолдану ыңғайлылығы және бонус бағдарламаларын жақ­сартудан бәсекеге түседі.
Сарапшылардың пікірінше, бұл бүкіл финтех саласының дамуын жеделдетеді. Бұған дейін бір мезгілде бірнеше төлем провайдерімен жұмыс істеуге мәжбүр бол­ған бизнестің шығыны азаяды. Сонымен қатар бұл шешім саланың өнімділігін арт­­тырып, шағын бизнестің ауқымын кеңейтуін жеңілдетеді және жаңа цифрлық сер­вистерді дамытуға мүмкіндік ашады.

P.S. Бірыңғай QR-код жүйесінің толық іске қосылуы тек техникалық жаңалық қана емес, финтех нарығын институционалдық тұрғыдан жетілдіруге тағы бір қадам. Яғни, басты мақсат – төлем нарығын стандарттау. Егер жоба толық жүзеге асса, елдегі төлем экожүйесі анағұрлым ашық, ыңғайлы әрі бәсекеге қабілетті бола түседі. 

Тэгтер:

терминал бір QR төлем қабылдау төлем нарығы