Ата-ана баланы тыңдай білуі керек – Гүлнұр Аяшова

Бүгін, 17:00 / Арайлым Жолдасбекқызы

Жасөспірімнің ішкі күйзелісі көбіне көзге бірден түсе бермейді. Кеше ғана белсенді, ашық жүрген бала біртіндеп тұйықталып, бұрын қызыққан дүниелерінен алыстай бастайды. Көп жағдайда үлкендер мұндай өзгерістерді «өтпелі кезеңнің мінезі» деп қабылдап, елеусіз қалдырады. Ал дәл осы ұсақ көрінетін белгілер кейде баланың ішкі арпалысының алғашқы дабылы болуы мүмкін. Мәселенің анық-қанығын психоанализ бағытындағы психолог Гүлнұр Аяшовадан сұраған едік.

– Көбінесе өмірден торыққан жа­с-өспірімдер өз сезімдерін жасыруға тырысады. Маман ретінде айтыңызшы, ата-ана мен мұғалімдер баланың мі­нез-құлқындағы қандай «ұсақ-түйек» өзгерістерге баса назар аударуы керек? 
– Ең алдымен, қандай жасөспірімдер күйзеліске түсуі мүмкін деген сұрақ­қа тоқталайық. Бірінші кезекте, сенімді ада­мы жоқ бала қауіпті топқа жатады. Ол ата-анасы, досы немесе мектеп психологы бол­сын, сенім артатын бір адам болуы өте маңыз­ды. Егер жасөспірімді тыңдайтын, оны түсінетін адам болса, мұндай бала депрессияға ұшырамайды. 
Өзінің торығып жүргенін көбінесе тікелей айтпай­ды. Бала сезімін жасыруға тырыс­қа­ны­мен, оның ішкі күйзелісі мен мінезіндегі ша­ғын, бірақ маңызды өзге-рістер арқылы байқалуы мүмкін. Психо-аналитикалық тұр­ғыдан қарасақ, мұндай өзгерістер ба­ланың бейсаналық деңгейде болып жатқан іш­кі конфликтілері мен ауыр эмоция­лары­ның сыртқы көрінісі. 
Бірінші белгі – бұрын жақсы көретін іс-әре­кеттерінен бас тарту. Бұл – маңызды көр­сеткіштердің бірі. Бұрын қызығып жүр­ген хоббилеріне, достарымен кездесуге не­месе шығармашылық әрекеттерге қы­зығушылығының жоғалуы жасөспірімнің өмір­лік энергиясының төмендей баста­ға­нын көрсетеді. Психоанализде бұл энергия «ли­бидо» деп аталады. Яғни, энергияның сырт­қы ортадан ішкі әлемге бағыттала бас­тауы баланың тұйықталып, айна­ла­сы­мен эмоциялық байланысын азайтып жат­қанын білдіреді. Мысалы, бұрын дос­тары­мен араласып, түрлі іс-шараларға қа­тысып жүрген бала кейінгі уақытта тұйық­талып, өзімен-өзі жүре бастайды. Ең ал­ды­мен, осыған назар аудару керек.
Тағы бір белгі – ұйқы мен тәбеттің өз­геруі. Жан мазасызданғанда тән де оған жауап береді. Сондықтан ұйқысыздық пай­­да болуы мүмкін, түнде жиі оянады. Кей­­де, керісінше, көп ұйықтағысы келеді, шы­найы өмірден қашып, ұйқы арқылы ты­ныштық іздейді. Сонымен қатар тәбеті де өзгеруі мүмкін. Бұл баланың ішкі маза­сыз­дығы мен психологиялық қысымының дене арқылы көрінуі. Кейбір жасөспірімдер қатты арықтап кетсе, кейде артық салмақ қо­сады. Мұндай жағдайда ата-ана ең ал­дымен психологқа жүгінгені дұрыс. Қажет бол­са, педиатрға барып, медициналық тек­серуден де өткізуге болады.
Келесі белгі – өзін төмен бағалау және кінә сезімінің күшеюі. Мысалы, жасөспірім «мен ешкімге керек емеспін», «мен бәрін бұ­замын», «әдемі емеспін», «маған ешкім қа­рамайды» деген сөздерді айта бастауы мүм­кін. Бұл оның ішкі «суперэго» деп ата­ла­тын қатал ішкі сыншысының күшейгенін біл­діреді. Мұндай жағдайда бала өзіне ша­мадан тыс талап қойып, өзін кінәлі сезінуі мүм­кін. Егер ол осы сезімдерін ешкіммен бө­лісе алмаса, бұл жағдай суицидтік ойлар­ға алып келуі ықтимал.
Тағы бір маңызды белгі – жасөспірімнің же­ке заттарын таратуы немесе қоштасуға ұқ­сас әрекеттер жасауы. Мысалы, сүйікті зат­тарын достарына беріп, «маған енді ке­рек емес» деуі мүмкін. Мұндай кезде ата-ана, мұғалім және достары баланың не се­­­бепті тұйықталып қалғанына назар ау­дарып, сөйлесуге тырысқаны жөн. Пси­хо-а­на­литикалық тұрғыдан бұл кейде бей­са­на­лық түрде қоштасу әрекеті ретінде түсін­діріледі.
Сонымен қатар қарым-қатынастан қаш­қақтай бастайды. Жасөспірім отбасы мү­шелерімен сөйлесуді азайтып, бөл­ме­сін­де жалғыз өзі көп уақыт өткізеді, дос­та­ры­нан алыстайды. Бұл оның эмоциялық бай­ланыстардан шегініп, ішкі әлеміне те­реңірек кетіп бара жатқанын көрсетеді.
Ата-ана мен мұғалімдер осындай ұсақ көрі­нетін, бірақ тұрақты қайталанатын өз­герістерді байқап, назар аударуы өте маңыз­ды. Мұнда тек сынып жетекшісі ғана емес, барлық пән мұғалімдері де жауапты. Кей­де бала белгілі бір пән мұғаліміне жа­қын болады, сондықтан олар да баланың көңіл күйіндегі өзгерістерді байқап қалуы ық­тимал.
Егер бірнеше белгі қатар байқалса, ба­ламен сабырлы сөйлесіп, оның сезімдерін тү­сінуге тырысу керек. Қажет жағдайда мек­теп психологына немесе басқа маманға жү­гіну маңызды. Бұл жерде үш жақтың – ата-ана, мұғалім және баланың бірлескен жұ­мысы қажет.
Егер ата-ана үйде осындай өзгерістерді бай­қаса, кәсіби маманмен жұмыс істеуге қар­жылық мүмкіндігі болмаса, мектеп пси­хологының көмегіне жүгінуге болады. Сон­дай-ақ сынып жетекшісіне ескертіп, ба­ланың сыныптағы қарым-қатынасына назар аударуды сұраған жөн.
Ал егер мұғалімдер баланың соңғы кез­де тұйықталып кеткенін байқаса, ата-ана­сымен байланысып, мектеп психологымен бір­лесіп жұмыс жүргізуі керек. 
Негізі, уақытында көрсетілген қол­дау жасөспірімнің ішкі күйзелісін жеңіл­де­тіп, ауыр жағдайлардың алдын алуға мүм­кін­дік береді. Сондықтан ең бастысы – уа­қыт жоғалтпау.
– Ата-аналар баламен сөйлесуді тек бақылау немесе тергеу деп түсінеді. Бала­ны қорқытпай, оның ішкі әлеміне қалай үңілу керек? Сөйлесуді неден бас­таған жөн?
– Оныңыз рас. Ал шын мәнінде сенімді бай­ланыс орнату өте маңызды. Баланың ішкі әлеміне үңілу үшін алдымен сол се­німді қарым-қатынас қалыптасуы керек.
Бірінші қадам – бақылаушы емес, тың­даушы болу. Бала сөйлей бастағанда бірден кеңес беруге немесе баға беруге асықпау қа­жет. Кейде балаға тек өз ойын айтып шығу маңызды. Сол арқылы ол ішіндегі эмо­циясын, мазасыздығын немесе ренішін сырт­қа шығарады. Егер осы сәтте ата-ана «мен саған айттым ғой» деген сияқты сөз­дер айтса, бұл баланың жағымсыз эмо­ция­сын одан сайын күшейтуі мүмкін. Сон­дық­тан мұндай жағдайда ата-ананың басты рөлі сабырлы тыңдаушы болу.
Екінші маңызды қадам – ашық және жұм­сақ сұрақтар қою. Тергеу стиліндегі «не­ге бұлай істедің?», «кім кінәлі?» деген сұрақ­тар баланы қорғануға мәжбүр етеді. Оның орнына «бүгінгі күнің қалай өтті?», «бү­гін сені не қуантты немесе не қынжылт­ты?», «не ашуландырды?» деген сұрақтар қою арқылы баланың ішкі әлеміне жақын­дау­ға болады.
Үшіншіден, баланың эмоциясын қа­был­­дау маңызды. Егер бала бір қиындық ту­ралы айтса, оны бірден жоққа шығармау ке­рек. Мысалы, «бұл жағдай саған ауыр бол­ған сияқты» немесе «мен сенің көңіл күйің түсіп тұрғанын байқап тұрмын» де­ген сөздер баланың өзін түсінетін жан бар еке­нін сезінуіне көмектеседі. Бала өзін тү­сінетінін сезінсе, кейін қиындық туын­да­ғанда ең алдымен ата-анасына келеді.
Тағы бір маңызды нәрсе – баға емес, қол­дау көрсету. Егер бала қателік жаса­ға­нын айтса, бірден сөгу сенімді әлсіретеді. Оның орнына «қателесу қалыпты нәрсе, ен­ді бірге қалай шешуге болатынын ой­лайық» деген ұстаным тиімді болады.
Кейде бала үйде ашыла алмауы мүмкін. Мұн­дай жағдайда арнайы сөйлесуге отыр­ғызудан гөрі, бірге уақыт өткізген дұрыс. Мы­салы, серуендеп жүргенде немесе ортақ бір іспен айналысып отырғанда әңгіме та­би­ғи түрде басталып кетуі ғажап емес. Осын­дай сәттерде бала өзін еркін сезінеді жә­не кейде өз ойларын байқамай айтып қоя­ды.
Әңгіме бастағанда да күрделі сұрақ­тар­дан емес, қарапайым бейтарап тақы­рып­тар­дан бастаған жөн. Мысалы, «бүгін мек­теп­те қандай қызықты жағдай болды?» не­месе «қазір сенің өміріңде өзің үшін қан­­­­­дай маңызды дүние бар?» деген сияқты сұрақтар баланың ашылуына көмектеседі. Сон­­дай-ақ «соңғы кезде сені не мазалап жүр?» деген сұрақтар да пайдалы болуы мүм­­кін.
Ең басты қағида – бала ата-анасына ашылуы үшін ол жазаланбайтынын, мазақ бол­майтынын және құнсыз­дан­дырыл­май­тынын сезінуі керек. Ата-ананың мақсаты тек ақпарат алу емес, баланың эмоциясын тү­сіну болуға тиіс. 
Қорытындылай айтқанда, баланың іш­кі әлеміне жол қатаң сұрақтардан емес, се­нім білдіру, тыңдай білу және қабылдау ат­мосферасынан басталады. Егер бала ата-ана­сының оны түсінуге тырысатынын се­зін­се, ол біртіндеп өз ойы мен сезімдерін ашық бөлісе бастайды.
– БАҚ пен әлеуметтік желілерде қайғылы жағдайды жариялауда «Вер­тер эффектісінен» (еліктеушілік) қа­лай сақтануға болады? Бұл тақырыпты қо­ғамда қалай дұрыс талқылауымыз керек?
– Шынында да, бұқаралық ақпарат құ­рал­дары мен әлеуметтік желілерде қайғылы оқиғаны жариялау кезінде өте сақ болу қа­жет. Бұл – өте жауапты мәселе. Пси­хо­ло­гия мен медиа зерттеулерінде «Вертер эф­фек­тісі» деген ұғым бар. Ол қоғамда суицид ту­ра­лы романтикалық немесе егжей-тег­жей­лі ақпарат тараған кезде кейбір адам­дарда еліктеу әрекеті пайда болуы мүмкін еке­нін білдіреді. Сондықтан мұндай тақы­рыпты жариялаудың ерекше жауапкершілігі өте жоғары
«Вертер эффектісінен» сақтанудың бір­не­ше маңызды жолы бар.
Біріншіден, оқиғаның егжей-тегжейін жарияламау керек. Яғни, суицидтің нақты тәсілін, орнын немесе жағдайын толық сипаттаудың қажеті жоқ. Мұндай ақпарат кейбір адамдарға еліктеу әрекетіне түрткі болуы мүмкін.
Екіншіден, суицидті романтиза­ция­лау­дан аулақ болу керек. Оны батылдық, ма­хаб­бат трагедиясы немесе ерекше оқиға ре­тінде көрсетуге болмайды. Мұндай бей­не­леу кейбір жасөспірімдер үшін бұр­ма­лан­ған үлгіге айналуы мүмкін.
Үшіншіден, қайтыс болған адамнан идеал образ жасамау керек. Оны тек пози­тив­ті бейнеде көрсетіп, қаһарман немесе ерек­ше тұлға ретінде сипаттау да еліктеу ық­тималдығын арттырады.
Көп жағдайда тіршіліктен түңілген жасөспірімдердің психологиялық күйі өте осал болады. Кейде олар бейсаналы түр­де өлім туралы ақпаратты жиі іздей бас­тайды. Осындай кезде әлеуметтік желіде не­месе жаңалықтарда суицид туралы ро­мантика-ланған немесе егжей-тегжейлі ақ­паратты көрсе, ол қауіпті үлгіге айналуы мүм­кін.
Тағы бір маңызды қағида – материал­дың соңында міндетті түрде көмек алу жол­дарын көрсету. Яғни, психологиялық кө­мек, сенім телефондары немесе маман­дар­ға жүгіну мүмкіндігі туралы ақпарат бе­рілуі керек. Бұл оқырманға қиын жағдай­дан шығудың балама жолдары бар екенін көрсетеді.
Сонымен қатар суицидті тым қара­пайым түсіндіруге болмайды. Мысалы, «бір ғана оқиғаға байланысты адам суицид жа­сады» деген сияқты тұжырымдар дұрыс емес. Әдетте, мұндай жағдайлар бірнеше пси­хологиялық, әлеуметтік және эмо­цио­налдық фактордың жиынтығының нәти­же­сі болады. Сондықтан мәселені үстірт емес, жан-жақты түсіндіру қажет.
Ал қоғамда бұл тақырыпты дұрыс тал­қы­лау үшін бірнеше қағиданы ұстану ке­рек.
Біріншіден, ондай жайтты сенсация ретінде емес, психикалық денсаулық мәселесі ре­тін­де қарастыру маңызды. Әңгіме адамның өмі­ріндегі қиындықтар, эмоциялық күй­зе­ліс және көмек алу мүмкіндігі туралы болу­ға тиіс.
Екіншіден, қоғамда қолдау мен алдын-алу мәдениетін қалыптастыру қажет. Яғни, адам­дар қиын жағдайда көмек сұрау әл­сіз­дік емес, керісінше, дұрыс қадам екенін түсінуі керек.
Үшіншіден, медиакеңістікте маман­дар­дың: психологтардың, педагогтардың, әлеуметтік қызметкерлердің пікірлері кө­бі­рек берілуі пайдалы. Бұл тақырыпты ғы­лыми әрі түсіндіруші тұрғыдан тал­қы­лауға мүмкіндік береді. Өкінішке қарай, кей­де медиада сарапшылардың орнына бло­герлер мен танымал тұлғалар жиі сөй­лейді. Ал мұндай күрделі тақырыптарда кә­сіби психологтар мен ғылыми білімі бар ма­мандардың пікірлері көбірек берілуі керек. Бұл қоғамдағы психологиялық мә­де­ниетті арттыруға көмектеседі.
– Пікіріңізге рахмет.

Әңгімелескен – 
А.ЖОЛДАСБЕКҚЫЗЫ

Тэгтер:

психолог психоанализ Гүлнұр Аяшова