Притцкер – 2026: сәулет саласындағы беделді марапатты Чили архитекторы иеленді

Бүгін, 18:45 / Ербұлан Қайрат
сурет: deutschlandfunkkultur.de / picture alliance / empics / John Stillwell

Чили сәулетшісі Смильян Радич Кларк 2026 жылғы Pritzker Architecture Prize лауреаты атанды. Бұл марапат сәулет саласындағы ең беделді халықаралық сыйлықтардың бірі саналады, деп хабарлайды turkystan.kz euronews.com-ға сілтеме жасап.

60 жастағы сәулетші Чилидің Сантьяго қаласында туған. Ол табиғатпен үйлесетін, ерекше пішіндегі және нақты орынға бейімделіп салынатын ғимараттарымен танымал. Сарапшылар оның жобаларын батыл идеялар мен материалдарды табиғи ортаға үйлестіру қабілеті үшін жоғары бағалайды.

Оның Еуропадағы ең танымал жобаларының бірі – Serpentine Gallery Pavilion. Бұл нысан мөлдір шыныталшықтан жасалған қабықша түрінде салынып, үлкен табиғи тастардың үстіне орналастырылған. Павильон толық жабық емес, сондықтан келушілер табиғатпен байланысын жоғалтпай, бір мезгілде қорғаныс сезімін де сезіне алады.

Сыйлықтың қазылар алқасы сәулетшінің жұмыстарын «үміт пен тыныш қуаныш сыйлайтын құрылымдар» деп сипаттады. Радичтің өзі архитектура адамдардың өмір салтын қалыптастыратынын айтып, ғимараттар ұзақ уақыт сақталып, адамдарға ерекше кеңістік тәжірибесін сыйлауы керек екенін атап өтті.

Сәулетшінің Чилидегі маңызды жобаларының бірі – Teatro Regional del Biobío театры. 2018 жылы салынған бұл ғимарат жарықты жұмсартып өткізуге және акустиканы жақсартуға арналған жартылай мөлдір қабықпен ерекшеленеді.

Биылғы лауреатты жариялау бастапқыда ертерек жоспарланған еді, алайда сыйлық қорының жетекшісі Tом Притцкер атына қатысты даулы ақпараттардан кейін хабарландыру кейінге қалдырылған.

Смильян Радич​​​​​​ Кларк​ – Притцкер сыйлығының 55-лауреаты. Алдағы уақытта ол Албания, Испания, Швейцария және Ұлыбритания елдерінде жаңа жобаларды жүзеге асыруды жоспарлап отыр.

Бұл марапатты алғаш рет 1979 жылы Филипп Джонсон алған болатын. Кейінгі жылдары сыйлық Пей, Оскар Нимейер, Фрэнк Гери, Рем Колхас және Заха Хадид сияқты әлемге әйгілі сәулетшілерге берілген.

Тэгтер:

Чили сәулет архитектор