Кейінгі онжылдықта әлеуметтік желілер балалар мен жасөспірімдердің өмірінің ажырамас бөлігіне айналды. Смартфон мен интернетке қолжетімділік артқан сайын жаңа буын тек ақпарат тұтынушысы емес, сонымен бірге цифрлық кеңістіктің белсенді қатысушысы болып, контент жасаушыға да айналып отыр. Бұл үрдіс біздің елімізде де айқын байқалады. Алайда әлемнің көптеген елінде балалардың интернеттегі белсенділігі тек мүмкіндік емес, сонымен бірге жауапкершілік пен қауіпсіздік мәселесі ретінде қарастырылады.
Иә, елімізде балалар мен жасөспірімдердің әлеуметтік желілердегі белсенділігі жыл сайын артып келеді. Халықаралық зерттеулерге сүйенсек, Қазақстандағы балалардың едәуір бөлігі интернет кеңістігіне өте ерте араласа бастайды. UNICEF пен Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің бірлесіп жүргізген Kids Online Kazakhstan зерттеуіне сәйкес, 9-10 жастағы балалардың шамамен 60 пайызының әлеуметтік желілерде жеке аккаунттары бар. Ал 11-12 жастағы жасөспірімдердің үштен екісі өз парақшаларын белсенді түрде жүргізеді. Бұл балалардың интернет кеңістігіндегі қатысуы кездейсоқ емес, жүйелі үрдіске айналғанын көрсетіп отыр. Қазіргі оқушылар үшін әлеуметтік желі – тек байланыс құралы ғана емес, өзін көрсету, пікір білдіру және қоғаммен қарым-қатынас орнату алаңы.
Медиа білім беру саласының сарапшысы Жанар Жақанова бұл құбылысты жаңа буынның цифрлық мәдениетінің қалыптасуымен байланыстырады. Бүгінде Қазақстандағы интернет аудиториясының басым бөлігі бірнеше ірі платформаны қолданады. Мысалы, TikTok платформасын елде 15 миллионнан астам адам пайдаланады. Ал Instagram әлеуметтік желісінің аудиториясы 12 миллионнан асады. Сарапшылардың айтуынша, мұндай ауқымды аудитория балалардың да белсенді қатысуына ықпал етеді.
Жанар Жақанованың пікірінше, қатарластары жасаған жарияланымдар жасөспірімдерге ерекше әсер етеді. «Жасөспірімдер көбіне өз құрдастарының контентін шынайы әрі сенімді қабылдайды. Сондықтан жас блогерлер түрлі трендтер мен мінез-құлық үлгілерінің таралуына ықпал ететін маңызды әлеуметтік топқа айналып отыр», – дейді сарапшы.
Дегенмен, әлеуметтік желідегі белсенділік тек бүгінгі көңіл көтеру немесе танымалдық мәселесі ғана емес. Интернетте жарияланған кез келген ақпарат уақыт өте келе цифрлық із (digital footprint) ретінде сақталып қалады. Бұл – адамның интернеттегі әрекеттері, жазбалары, фотосуреттері мен пікірлері кейін де қолжетімді болуы мүмкін дегенді білдіреді. Сарапшылардың айтуынша, жасөспірімдік кезеңде жарияланған материалдар кейін адамның кәсіби немесе қоғамдық беделіне әсер етуі ықтимал.
Әлемде балалар блогингі қалай реттеледі?
Кейбір елдерде балалардың әлеуметтік желілердегі қызметі заңнамалық деңгейде талқылана бастады. Мысалы, Франция балалар-инфлюенсерлердің жұмысын реттейтін арнайы заң қабылдады. Бұл құжат балалардың табысы, еңбек құқығы және қауіпсіздігі мәселелерін қарастырады. Бұл елде ата-аналар балалардың блогинг арқылы тапқан табысын арнайы есепшотта сақтауға міндетті, ал түсірілім кестесі балалардың демалысы мен оқуына зиян келтірмеуі тиіс. Сарапшылардың пікірінше, мұндай шаралар балалардың еңбек құқықтарын қорғауға және олардың психологиялық жүктемесін азайтуға бағытталған.
Ал Оңтүстік Корея мен Жапонияда балалар блогингі тұтас индустрияға айналып отыр. Көптеген әлеуметтік желі парақшасы мен YouTube-арнасын миллиондаған адам қарайды. Бұл елдерде балалардың қатысуымен жасалатын контент ойын-сауық индустриясының маңызды бөлігіне айналған. Алайда мұндай танымалдық балалардың психологиялық жағдайы, оқу жүктемесі және еңбек құқығы туралы қоғамда қызу пікірталас тудырып отыр.
АҚШ тәжірибесі интернеттегі жарияланымдардың болашаққа қалай әсер ететінін айқын көрсетеді. Көптеген университет талапкерлердің әлеуметтік желідегі парақшаларын тексереді. Зерттеулерге сәйкес, жоғары оқу орындарының 25-35 пайызы абитуриенттердің интернеттегі беделіне назар аударады. Ал жұмыс берушілердің 54 пайызы үміткерлерді олардың әлеуметтік желідегі контентіне байланысты жұмысқа қабылдаудан бас тартқан жағдайлар бар екенін айтады. Бұл интернетте қалдырылған әрбір жазба немесе пікір адамның кәсіби болашағына әсер етуі мүмкін екенін дәлелдейді.
Интернетте қалған із
Қазақстан да жаһандық цифрлық кеңістіктің бір бөлігі. Алайда сарапшылардың пікірінше, елде жасөспірімдердің цифрлық беделі туралы қоғамдық талқылау енді ғана қалыптасып келеді.
Жанар Жақанова бұл мәселені шешуде білім беру жүйесінің рөлі маңызды екенін атап өтеді. «Мектептерде медиасауаттылықты дамыту қажет. Балалар ақпаратты дұрыс талдауды ғана емес, өз цифрлық беделін басқаруды да үйренуге тиіс. Интернетте жарияланатын материалдарға жауапкершілікпен қарау және өзара құрмет мәдениетін қалыптастыру да маңызды», – дейді сарапшы.
Сарапшының пікірінше, әлеуметтік желілердегі белсенділік тек қауіп емес, мүмкіндік те. Егер дұрыс бағыт берілсе, жас авторлар қоғам үшін пайдалы контент жасай алады.
Мәселен, Қазақстанның мәдениеті, тарихы және әлеуметтік бастамалары туралы контент әзірлейтін жобаларды қолдау – жастардың шығармашылық әлеуетін дамытуға жол ашады. Өйткені бүгінгі жасөспірімдер тек интернет қолданушылары ғана емес. Олар болашақ цифрлық мәдениеттің авторлары. Олардың идеялары мен жарияланымдары уақыт өте келе қоғамның ортақ цифрлық кеңістігін қалыптастырады. Ал бұл кеңістік қандай болатыны – бүгінгі балалардың интернетте қалдырған іздеріне де байланысты.
Табысты блогер балалар
Жоғарыда атап өткеніміздей, балалар өз блогтарын жүргізіп, табыс тауып, цифрлық әлемнің бар мүмкіншілігін барынша пайдалануда. Мәселен, әлемдегі ең танымал балалар блогерлерінің бірі – Райан. Ол өзінің Ryan's World атты арнасында балаларға ойыншықтарды таныстырып, көңілді контент ұсынады. Арнасы миллиондаған жазылушы жинаған. Райан әлемдегі ең табысты бала блогерлердің қатарына кіреді. Анастасия есімді Ресейде туған, кейін АҚШ-та танымал болған Настя да Like Nastya арнасы арқылы әлемге танылды. Оның видеолары көбіне ойын, саяхат және отбасы туралы. Видеолар бірнеше тілде дубляждалып, әлемнің көптеген елінде қаралады. Арнасы балаларға арналған ең ірі YouTube жобасының біріне жатады.
Сол секілді елімізде де әлеуметтік желілерде танымал болып жүрген жас блогерлер бар. Соның бірі Амина Қайратқызы есімді бүлдіршін блогер. Амина – балаларға арналған ойын-сауық контент жасайды. Оның видеоларында ойыншықтарға шолу, челлендждер, күнделікті өмір туралы бейнелер кездеседі. Aружан есімді жас блогердің де контенттері еліміздегі ең көп қаралым жинаған арна қатарында. Ол, әсіресе, TikTok пен YouTube-та танымал. Оның бейнелері көбіне би, ойын-сауық, балаларға арналған қысқа видеолардан тұрады.
Түйін:
Әлемде де, елімізде де жас блогерлер өздерінің шығармашылығын көрсетіп, көптеген көрермен жинап жүр. Дұрыс бағыт пен ата-ананың қолдауымен балалар блог жүргізу арқылы жаңа білім алып, болашақта медиа саласында табысты болуы мүмкін. Сондықтан балалардың әлеуметтік желідегі белсенділігіне тек қауіп ретінде қарау жеткіліксіз. Ең бастысы – оларды саналы, жауапты және медиасауатты интернет қолданушысы ретінде тәрбиелеу. Өйткені бүгін қалдырылған цифрлық із – ертеңгі қоғамның да айнасы болмақ.
Наурызбек САРША