Qazaq Nomad Прагада киіз үйді таныстырды

Бүгін, 16:45 / Әлия ТІЛЕУЖАНҚЫЗЫ

Чехия астанасы Прагада Халықаралық әйелдер мерекесіне орай «Жан киіз үйі» атты креативті уоркшоп өткізілді. Екі күнге жалғасқан іс-шарада 18 қатысушы қазақ мәдениетімен танысып, киіз үйдің ұлттық мәдениеттегі орны мен бай тарихымен жан-жақты танысты.

Алғашқы күні қатысушылар ұлттық мәдениеттің символы саналатын киіз үйді бисермен безендіріп, оның көшпелі өмірге қолайлы баспана ғана емес, сонымен қатар қазақ халқының дәстүрі мен әдет-ғұрып­тары­мен безендірілген, этнографиялық ерекше үйлесімнің ордасы болғанына куә болды.

«Чехияда 8 наурыз мерекесі аса кең кө­лемде тойланбайды. Сондықтан әйелдер қауымына айрықша жылы кеңістік жа­са­ғым келді. Прагадағы екі интеграциялық ор­талықпен байланысып, өтетін орын сұ­рап алдым. Сөйтіп, екі күн қатарынан креа­­­­­тивті уоркшоп жасадық. Екі уоркшоп та қазақ мәдениетін тәжірибе арқылы та­ныту мақсатында іске асырылды. Бұл іс-ша­раға Прагада тұратын қазақтардан бө­лек, өзге ұлт өкілдері де, чехтар, украиндар да қатысуға ниет білдірді», – дейді Чехия­да­ғы Qazaq Nomad қауымдастығының төрайы­мы Дарина Жұмағұл.

Дарина әйелдер мерекесінде Прага тұр­ғындарына киіз үйді кеңінен таныс­тырудың өз маңызы бар еке­нін айтады.

«Қазақ мәдение­тін­де киіз үй – жай ғана бас­­­пана емес. Ол от­ба­­сының, қор­ға­­ныш­­тың, жылу­лық­тың жә­не әйел адам­ның ай­­­нала­сын­да қа­лып­тастыра­тын іш­кі кеңістігінің си­м-волы. Киіз үй – тұ­тас өмір филосо­фия­сы. Уоркшопта киіз үйдің ең маңызды бөлігі шаңырақты кеңінен түсін­дір­дім. Қазақ үшін шаңырақ – жай ғана сәулеттік бөлшек емес. 
Ол – отбасының, әулеттің және ұрпақтар бір­лігінің символы. Бүгінде көпшілігіміз туған жерден жырақта өмір сүріп жатыр­мыз. Сондықтан бүгін біз үйдің кішкентай символын – киіз үйді жасау туралы идеяны іс­ке асырғым келді. Уоркшоп барысында қатысушылар киізден жасалған шағын киіз үйді бисермен безендіріп, өз қолдарымен ерек­ше дүние әзірлеп шығарды. Әрқайсысы бисердің түсін жүрегімен, интуитивті түрде таң­дады. Сондықтан әрбір жұмыс ерекше шықты. Қатысушылар киіз үй мәдениетінен бей­хабар. Сондай-ақ біздің дәстүрімізді біл­мейді. Жұмыс арасында олар «Ол не үшін?» «Мынау не мағынаны білдіреді?» деп көп сұрақ қойып, асқан қызығушылық та­нытты», – дейді ол.


12 сәуір күні Праганың әйгілі Панкрац сая­бағында Наурыз мерекесі атап өтілмек. Жыл сайын Қазақстаннан кем тойлан­бай­тын бұл мерекеге уоркшоп қатысушыларын да арнайы шақырған.

«Қазір сіздер кішкене киіз үйді қол­дарыңыз­бен ұстап, көп мәлімет естіп отыр­сыздар. Ал шынайы киіз үйді көргілеріңіз кел­се, біз сәуірде ұйымдастыратын Наурыз тойы­на келіңіздер. Сол кезде бүгін есті­ген­деріңіздің расында мән-маңызын сезініп, киіз үйдің біз сипаттаған құндылығын өз көздеріңізбен көретін боласыздар» деп олар­ды арнайы шақырдым. Сондықтан бұл іс-шараның Ұлыс тойының алдында берері мол деп ойлаймын. Себебі бүгін қатысқан 18 адам киіз үй туралы естіп-білгендерін тағы 18 адамға айтады. Сосын біздің мере­ке­ге келгенде бар білетіндерін тағы да бас­қаларға баяндап береді», – дейді ол.


Уоркшоптың екінші күні қатысушылар қызғалдақты түрлі-түсті жіппен кестелеп тіккен. Дарина мұны да бекер таңдамаса керек.

«Қызғалдақтар алғаш пай­да болған жер қазіргі Қазақстанның аумағы саналады. Алғаш рет Тянь-Шань тау ете­гінде пайда бол­ған бұл ерекше гүлді осы уорк­шоп­­қа таң­дауым да сон­дық­­тан. Мен қыз­­­­­ғалдақ тура­лы бар біле­тінімді ортаға сал­дым.
Жылы атмос­фер­а­да өткен іс-шара барысында қатысушы­лар бір-бірімен еркін пікір алма­сып, мұндай мәдени кез­десу­лердің маңызды екенін айрықша атап өтті. Кез­десу соңында олар құдды бір тера­пиядан өткендей сезінгенін бірауыз­дан айтты. Маған керегі де сол еді», – дей­ді ол.

Тэгтер:

Киіз үй Прага Дарина Жұмағұл