Сенаттың Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің депутаттары жаңа Конституция жобасын түсіндіру жұмыстары аясында өздері сайланған Қызылорда, Абай, Ақмола, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Жетісу облыстарына және Шымкент қаласына жұмыс сапарымен барып, жергілікті тұрғындармен және түрлі сала өкілдерімен 100-ден аса кездесу өткізді. Еліміздің әр қиырында өткен кездесулер облыс, аудан орталықтарымен бірге 40-қа жуық ауылдық елді мекендерді де қамтыды. Атап айтқанда, еңбек ұжымдарымен, педагогикалық қауымдастықтармен, мәдениет қызметкерлерімен, медицина саласының мамандарымен, жастармен, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы саласының өкілдерімен, қоғамдық ұйымдармен және ауыл тұрғындарымен мазмұнды пікір алмасулар өтті.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың биыл Қызылордада өткен Ұлттық құрылтайда конституциялық-саяси реформаның негізгі идеялық мазмұнын айқындауы тарихи мәнге ие айтулы оқиға болды.
Президенттің халықшыл бастамалары аясында 15 наурызда өтетін республикалық референдум ел үшін ең маңызды, тағдыршешті мәселелер бойынша шешім қабылдау халықтың еншісінде екенін тағы бір рет айқындап тұр.
Халықтың билікке деген сенімін нығайтып, әділеттілікке негізделген бұл өзгерістер азаматтардың мемлекет істерін басқаруға қатысуын қамтамасыз ететін нақты қадам. Сондай-ақ қоғамда айтылып жүрген ұсыныстар тек пікір ретінде қалып қоймай, заңнамалық бастамаларға, мемлекеттік бағдарламаларға, өңірлік жобаларға айналғаны да халықтың мемлекетті басқару ісіне араласу белсенділігін арттыра түсті. Оның айқын мысалы ретінде әйел мен баланың құқығын қорғау, вейптерге тыйым салу, қоғамдық әдеп, вандализммен күрес, ойын бизнесін шектеу секілді маңызды шешімдер қоғамдық пікір тарапынан айтылған ойлардың жемісіне айналғанын айтуға болады.
Яғни, елімізде Мемлекет басшысының бастамасымен жүргізіліп жатқан саяси және конституциялық реформалар қоғам мен мемлекет арасындағы қатынасты түбегейлі жаңа деңгейге көтергенін атап өткен жөн.
Өңірлердегі кездесулер барысында азаматтар Президентіміз бастамашы болған ауқымды саяси реформаларға толық қолдау білдіріп, жаңа Конституцияны қабылдауды еліміздің саяси жаңғыруының маңызды кезеңі ретінде бағалады. Халық өкілдері алдағы республикалық референдумға қатысуға дайын екендерін жеткізіп, Ата Заңды жаңарту мемлекет дамуының жаңа кезеңіне жол ашатынын атап өтті.
Мәселен, халықтың пікірі мен ұсыныстары жаңа Конституция жобасын әзірлеу барысында нақты ескерілгенінің бір дәлелі – Қызылорда облысының тұрғыны Махамбетәлі Әбдіхамитұлы Конституция мәтініндегі «Гимн» терминін ана тіліміздегі «Әнұран» сөзімен алмастыруды ұсынды. Алғашында ұсынысының назарға алынарына күмәнмен қараған 33 жастағы жас ұстаз көп ұзамай Конституциялық реформа жөніндегі комиссиядан ресми жауап алғанын, оның ұсынысы қолдау тапқанын айтады. Нәтижесінде, жаңа Конституция жобасындағы Мемлекеттік рәміздер туралы 11-бапта «Гимн» термині «Әнұран» деп өзгертілді.
Сондықтан жаңа Конституция жобасын мемлекет пен қоғам арасындағы сенімді нығайтатын, еліміздің болашағына бағытталған бас құжат деуге толық негіз бар.
Аймақтарда өткен талқылауларда азаматтар жаңа Конституция жобасындағы білім беру, ғылым, мәдениет және инновация салаларын дамытуға қатысты нормаларға айрықша назар аударды. Бұл бағыттардың мемлекет қызметінің стратегиялық басымдығы ретінде айқындалуы жұртшылық тарапынан оң бағаланды. Бұл өзгерістер жоғары білікті мамандар даярлауға және білімге негізделген экономиканы дамытуға жол ашады.
Сонымен қатар кездесулерде мәдени мұраны сақтау, ұлттық бірегейлікті нығайту және қоғамдағы дәстүрлі рухани құндылықтарды қорғау мәселелері де кеңінен талқыланды. Азаматтар мәдениетті қолдау мен ұлттық дәстүрлерді келер ұрпаққа жеткізу елдің рухани тұтастығы үшін ерекше маңызға ие екенін атап өтті. Отбасы институтын нығайту мәселелері де тұрғындар тарапынан кең қолдау тапты. Жиынға қатысушылар жаңа Конституция жобасында неке – ер мен әйелдің ерікті әрі тең құқықты одағы ретінде айқындалғанын атап өтіп, отбасы қоғамның негізгі тірегі және оны мемлекет тарапынан қорғау мен қолдау елдің орнықты дамуы үшін аса маңызды екенін жеткізді.
Бұдан бөлек, халықты әлеуметтік қорғау, лайықты еңбек жағдайларын қамтамасыз ету, азаматтардың осал топтарын қолдау және әлеуметтік саясатты одан әрі жетілдіру мәселелері де жиі көтерілді. Бұл ұсыныстар жаңа Конституция жобасының әлеуметтік әділеттілік қағидаттарына негізделгенін айқындай түседі. Мысалы, қолданыстағы Конституциядағы «әркім» деген термин жаңа Конституция жобасында «әрбір адам» деген сөз тіркесіне ауыстырылды, бұл еңбек ету құқығының жеке тұлғаның табиғи әрі әмбебап құқығы екенін айқындайды. Жалпы, қолданыстағы Конституция мен жаңа Конституция жобасын салыстырып қарағанда Ата Заңның жаңа жобасында «адам» сөзі 1,5 есеге көп қолданылғанын көруге болады.
Комитет депутаттарының өңірлердегі түсіндіру жұмыстары қоғам тарапынан ұсынылып отырған Конституциялық өзгерістерге қолдау жоғары екенін байқатты.
Алдағы жалпыхалықтық маңызы бар саяси таңдау еліміздің әрі қарайғы дамуындағы маңызды кезеңінің басты басымдығы ретінде қарастырылып отыр. Ал республикалық референдум – ортақ жауапкершілікті ел болып көтеруге шақыратын, мемлекеттің жаңа құқықтық іргетасын қалыптастыратын маңызды алаңға айналмақ.
Руслан РҮСТЕМОВ,
Сенат депутаты