Ислам дінін сан ғасырдан бері рухани тірегі еткен халқымыз қайырымдылық істерді ерекше ыждағаттылықпен, ықыласпен, барын салып, беріле атқарған. Қамыққанға қамқор, жабырқаған жанға демеу болу – қанымызға сіңген қасиеттердің бірі. Сондықтан болар, халық арасында шүлен тарату, сыбаға, егіннен – кеусен, асарлату, немеурін, тамыздық, жылу жинау, ерулік пен қонақ асын беру сынды қайырымдылық істер күнделікті өмір тіршілігімізде көрініс тауып, дәстүрімізге айналған.
Халқымыз «Жылуы жоқ үйден без, қайырымы жоқ биден без» дейді. Расында, қайырымдылық жасау әр адамның қолынан келе бермейтін іс. Жомарт болу – өзіңде барды зәру адаммен шын жүректен бөлісу деген сөз. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы еліміздегі белсенді еріктілермен кездесуде: «Шын мәнінде жаны таза адам ғана волонтер бола алады. Еріктілер – өзгенің мәселесін өз ісіндей көретін жүрегі кең, ниеті дұрыс жандар. Біздің еліміз дәл осындай азаматтардан кенде емес», – деген болатын. Аллаға шүкір, біздің қоғамда қайырымдылық, адамгершілік қасиеттерді ту етіп, өзгелерге жанашырлық пейілдерін танытып жүретін жандар аз емес.
Асыл дінімізде Алланың мейіріміне бөлейтін, оған жақындататын ізгі амал көп. Соның бірі – қайырымдылық жасау. Өзгелерге жақсылық жасау жолында өмір сүрген пенде қос дүниенің бақытына бөленеді. Жаратушы Иеміз қасиетті Құранда: «Сендер игілік жолында не сарп етсеңдер де, Алла оның орнын толтырады. Ол ризық берушілердің ең қайырлысы» («Сәбә» сүресі, 39-аят) деп мұсылманды ізгі істер жолында мал жұмсауға құлшындырған. Өмірін, тіршілігін, құлшылығын, мал-мүлкін жақсылыққа арнаған адам ешқашан молшылық пен берекеден кенде болмайды.
Алла ризалығы үшін жасалған әрбір іс пен берілген затты садақа дейміз. Берілетін садақаның үлкен-кішісі болмайды. Не берілсе де ықыласпен Алла разылығы үшін берілуі қажет. «Оң қолың бергенді сол қолың көрмесін» деген хадиске сәйкес берілген садақа мен жасалған жақсылықты жасырын жасау – ең абзал амал. Алла берген нығметті Алла жолында жұмсау – сауапты амал. Шексіз нығмет иесі болған Алла мақлұқаттың табиғатында өзгеге жәрдем ету, барын бөліп беру сезімін жаратқан.
Жасалатын жақсылық істің садақа болуы үшін діни тұрғыдан үш ерекшелікке ие болуы керек: мұқтаж жанға беру; Алла разылығы үшін беру; берілген садақа өз мүлкінен, адал табысынан болуға тиіс. Әлемдегі барлық жаратылыс адамзаттың игілігіне берілгенімен, бүкіл жаратылыстың шын мәніндегі иесі – Алла. Алла бізге мал-мүлік берсе, Алланың берген нығметіне шүкіршілік етіп, орнымен жұмсап, шүкіршілігі ретінде белгілі бір мөлшерін мұқтаждарға беру керек екенін ескертеді. Бұл туралы Құранда Алла Тағала былай дейді: «Олардың малдарында қайыршының және (сұрауға намысы жібермеген) жарлының да ақысы бар» («Зарият» сүресі, 19-аят).
Пенде мұқтажға садақа берумен сауапқа кенеледі әрі мүлкінен ештеңе кемімейді. Керісінше, Алла оның мүлкіне береке береді. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Садақа мал-дүниені ешқашан кемітпейді. Пенде қолын садақа беру үшін созғанда, ол садақа сұраушының қолына жетпестен бұрын Аллаға берілгендей болады» деген.
Қайырымдылық жасау жай ғана сауапты амал емес, оның тағы бір ерекшелігі – Алланың ашуын басады. Әбу Һурайрадан (Алла оған разы болсын) жеткен риуаят бойынша Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) былай дейді: «Садақа Раббының ашуын басады және жаман өлімді қайтарады».
Хазіреті Әнәс (Алла оған разы болсын) Алла елшісінің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) былай деп айтқанын жеткізеді: «Алла жерді жаратқан соң жер сілкіне бастады. Осыдан кейін таулармен оны берік етті. Сосын жер қимылдамады.
Періштелер таулардың қуаттылығына таңырқап:
– Уа, Раббымыз! Таулардан да күшті бір зат жараттың ба? – деді. Алла:
– Иә, темірді жараттым, – деді. Періштелер:
– Темірден де күшті бір нәрсе жараттың ба? – деді. Алла Тағала:
– Иә, отты жараттым, – деді. Періштелер:
– Оттан да күшті бір нәрсе жараттың ба? – деп сұрады. Алла Тағала:
– Иә, суды жараттым, – деді. Періштелер:
– Судан да күшті нәрсе жараттың ба? – деп тағы сұрады. Алла Тағала:
– Иә, желді жараттым, – деді. Періштелер:
– Желден де күшті нәрсе жараттың ба? – деп сұрады. Алла Тағала:
– Иә, адам баласын жараттым. Егер ол оң қолымен садақа беріп, оны сол қолы көрмейтіндей жасырса (ол одан да күшті), – деді.
Бірде Фатима (Алла оған разы болсын) анамыз көңілсіз, ас ішуге деген тәбеті болмай отырған сәтінде хазреті Әли (Алла оған разы болсын) бөлмесіне кіріп келеді. Сөйтіп, жарына: «Уа, Фатима! Тәтті заттан не жегің келеді?» – деп сұрайды. Сонда Фатима анамыз: «Уа, Әли, анар жегім келеді», – деді. Хазреті Әли ақшасы болмағанымен сыртқа шығып, ойланып, қарыз алады да, базарға барып бір анар сатып алады. Үйіне келе жатып, жолда науқастанған кәрі кісіні көреді. Әли оған жақындап: «Не қалайсыз?» – деп сұрайды. Ол адам: «Уа, Әли! Бес күн болды, осында тастап кетті. Адамдар өтіп кетіп жатыр. Ешкім маған қол ұшын берейін демейді. Анар жегім келіп тұр», – дейді. Хазреті Әли сәл ойланып: «Егер қолымдағы анарды мына қарияға берсем, Фатима анарсыз қалады. Ал егер бермесем, Алла Тағаланың мына аяты бар: «Тіленшіге зекіме» («Духа» сүресі, 10-аят) және Пайғамбарымыздың «Сұраушыны бос қайтармаңдар» деген сөзіне қарсы келген болам» деп, анарды әлгі қарияға береді.
Хазреті Әли Фатима анамыздан ұялып, үйіне келеді. Фатима анамыз Әлиді орнынан тұрып қарсы алады. Әли болған оқиғаны айтып бергенде Фатима анамыз: «Уа, Әли, сен уайымдама. Аллаға ант етемін, сен сол қарияға анарды берген кезде, анарға деген тәбетім басылды», – дейді. Хазреті Әли осы сөзді естіген соң көңілі жай табады. Көп уақыт өтпестен есік қағылады. Хазреті Әли есік қағып тұрғанның кім екенін сұрағанда, Салман Фариси екенін айтады. Есікті ашып, ішке кіргізеді. Оның қолында беті орамалмен жабылған табақ бар еді. Ол табақты Әлидің алдына қояды. Хазреті Әли: «Бұны кім беріп жіберді?», – деп сұрайды. Салман: «Бұны Алла Пайғамбарына жіберген. Пайғамбар саған жолдады», – дейді. Әли әкелгенің маған болса, 10 болар еді. Өйткені Алла Тағала: «Бір жақсылық істеген адам он есе сауапқа ие болады деген», – дейді. Салман күлімсіреп, жасырып қойған бір анарды шығарып, табаққа қояды: «Уа, Әли! Аллаға ант етейін, анар саны он еді. Бірақ мен сені сынайын деп біреуін жасырып қойып едім», – дейді.
Асыл дінімізде «исар» деген ұғым бар. Исар – жомарттықтың шыңы. Өйткені мұсылман баласы өзі мұқтаж бола тұра өзгеге көмектесіп, исар жасайды. Исардың рухани сыйлығы да пенденің жанқиярлығына қарай болады. Алла Тағала Меккелік мүһәжирлермен мүмкіндіктерін бөлісіп, олардың қажеттіліктерін өз қажеттіліктерінен жоғары санаған Әнсарларды былай мақтайды: «...өздері мұқтаждық тартса да, оларды өз нәпсілерінен артық көреді (исар жасайды). Кімде-кім нәпсінің сараңдығынан сақ болса, міне, солар – кұтылғандар» («Хашр» сүресі 9-аят).
Мына өмірде әр адам өзінің жақсы көрген нәрсесімен сыналады. Алайда мұсылман үшін Алланың разылығы барлық нәрседен жоғары тұруға тиіс. Алла Тағала Құранда: «Сүйген нәрселеріңді (Алла жолында) жұмсамайынша (садақа бермейінше), тақуалыққа (жақсылыққа) қол жеткізе алмайсыңдар. Не жұмсасаңдар да, Алла оны сөзсіз біліп тұрады» («Әли-Ғимран» сүресі, 92-аят) дейді.
Алла жолында жақсы көрген нәрсемізді жұмсасақ, Хақ Тағала бізді бір сынақтан құтқарады. Алла жолында берілген садақа пенденің қате-кемшіліктері мен күнәсінің кешірілуіне себепші болады. Әз Пайғамбар айтқандай, су отты қалай сөндіретін болса, садақа да күнәларды солай өшіреді. Садақа беру адамдар арасында мейірімділік, қайырымдылық, сүйіспеншілік сынды ізгі қасиеттерді арттырады.
Наурызбай қажы ТАҒАНҰЛЫ,
ҚМБД Төрағасы, Бас муфти