Табиғатты қорғау – әрбір азаматтың ортақ міндеті. Әсіресе, қорық аумағында табиғи экожүйені сақтау мен қорғау мемлекеттік инспекторлардың негізгі қызметінің бірі. Табиғатқа дала және орман өрттері үлкен қауіп төндіреді. Сондықтан өрттің алдын алу шаралары мемлекеттік инспекторлардың үнемі назарында болады.
Қорық аумағында өрттің тұтануына көп жағдайда адамдар себепші болып жатады. Демалушылардың отты дұрыс өшірмеуі, темекі тұқылын тастау, құрғақ шөпті жағу сияқты әрекеттер табиғатқа үлкен зиян келтіруі мүмкін. Мұндай жағдайлар өсімдіктер мен жануарлар дүниесіне қауіп төндіріп қана қоймай, экожүйенің тепе-теңдігін бұзады.
Осыған байланысты мемлекеттік инспекторлар өрт қаупі жоғары кезеңде қорық аумағын тұрақты түрде бақылауда ұстайды. Олар рейдтік іс-шаралар ұйымдастырып, заңсыз әрекеттердің алдын алады. Сонымен қатар жергілікті тұрғындар мен келушілерге түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтаудың маңыздылығын нәсихаттайды.
Өрттің алдын алу үшін қорық қызметкерлері арнайы құрал-жабдықтармен қамтамасыз етіледі. Өрт сөндіру техникаларының жарамдылығы тексеріліп, кез келген төтенше жағдайға жедел әрекет ету шаралары қарастырылады. Сондай-ақ өртке қарсы минералдандырылған жолақтар жасалып, бақылау мұнаралары арқылы аумақ үнемі қадағаланып отырады.
Табиғатты қорғау – тек мамандардың ғана емес, бүкіл қоғамның міндеті. Әрбір адам табиғат аясында демалған кезде өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтауы тиіс. Табиғатқа ұқыпты қарау арқылы біз болашақ ұрпаққа бай табиғи мұраны сақтап қаламыз.
С.ТӨРЕНИЯЗОВ,
Барсакелмес мемлекеттік
табиғи қорығының инспекторы