Қоғам өмірі бір-біріне көмегі, пайдасы тиетін, миллиондаған адамның іс-әрекетінен құралады: біреу тәулік бойы электр стансаларында көз ілмей, елді жарықпен қамтамасыз етсе, біреу қоғамдық көлікпен халықты әрі-бері тасып, адамдарды барар жеріне жеткізеді; енді біреу жүк тиеп, біреу дүкенде, базарда тұрып сауда жасап, елдің керек-жарағын тауып береді. Әркім өзіне тапсырылған жұмысты атқарып, өзгелерге ыңғайлы атмосфера қалыптастырады. Бірақ осылардың бәріне қажет қағидат бар, ол – тазалық.
Кез келген мекеменің, ғимараттың, көшенің, ауланың тазалығы аса маңызды. Оны сол күйге келтіріп, адамға жайлылық, жақсы көңіл күй сыйлайтындар – қоғамның «көрінбейтін батырлары». Оларды әдетте адамдар «көше сыпырушылар» деп атайды.
Өкініштісі, бізде «оқымасаң, сыпырушы боласың» деген жаңсақ түсінік бар. Шын мәнінде, еңбектің жаманы жоқ. Егер бір апта қалада көше тазалайтын адамдар жұмысқа шықпаса, қала қоқыс полигонына айналар еді. Олар – қаланың «өкпесін» тазалайтын адамдар.
Біз күнде таңертең тап-таза көшемен жұмысқа барамыз, алайда бұл тазалықтың артында кім тұрғанына мән бермейміз. Олардың еңбегі тек физикалық күш емес, үлкен төзімділікті талап етеді. Қаланың әсемдігі ең алдымен тазалығында. Қандай әдемі ғимарат, түзу көше, сәнді саябақ болса да ең алдымен көзге түсетіні – тазалығы. Оны жасайтын көше сыпырушылар, яғни, тазалықшылар.
...Бүгін Алматыда қар жауып тұр. Үлпілдек, жеңіл қар. Жұрт «наурыздың ақша қары» деп қуанып жатыр. Әрине, мұндай кезде көше сыпырушылардың да жұмысы көбейеді. Алматыда әдетте қар қалың жауады. Ылғалды ауаның қары ауыр, сулы болады. Күн кішкене жылт етсе ери бастайды. Оны тез арада тазалап тастамаса, шылқып суға айналып, аяқ киімнен тез өтіп кетеді. Демек, қар жауған күні көше сыпырушылар үшін жұмыс біраз ауырлайды, сонда да олар қарды еримей тұрып тазалап, адамдардың еркін жүруіне жағдай жасайды. Біз Алматы қаласының шағынаудандарының бірінен қолына күрек алып, қар тазалап жүрген жасы елулерден асқан апайды жолықтырдық. Жақындап барып амандасып, оны әңгімеге тарттық. Аты София екен. Айтуына қарағанда, 8 жылдан бері көше тазалап, нәпақасын айырып жүр.
– Біз кеңестік кезде өстік қой, ол кезде де қазіргідей көше сыпырушыларға жұрт биіктен қарайтын, – деп бастады әңгімесін София апай. – Әдетте, жұмысқа жарамсыз, орта жастан асқан адамдар немесе бала-шағасы жоқ жалғызілікті адамдар бір мекемеде қарауыл не көше сыпырушы болып еңбек ететін. Сондықтан жұрт ондай кісілерге мүсіркеп қарайды ғой. Қазір жас та, жасамыс та істейді бұл жұмысты. Сырттан келіп істейтіндер бар.
– Аула сыпырушысы болған қиын ба?
– Әрине, соншалық ауыр, кісі өлетін жұмыс емес қой. Өзіңе тиесілі аумақты тазалайсың. Таңертең ерте келіп жұмыс бастайсың. Жұрт таңғы шайын ішіп, жұмысқа шыққанша бір тазалап тастау керек. Ауланы сыпырамыз, жұрттың тастап кеткен қоқыстарын теріп аламыз да, қоқыс жәшігіне тастаймыз. Біреулер оны шелекке жинап салады, біреулер кішкене қорапты арба сүйреп жүреді. Сосын кеште бір тазалаймыз, сонымен бітті. Бірақ кейде күндіз де тазалауға тура келеді, қоқысты кез келген жерге тастап кететіндер бар, оны айтасыз, үйінен шыққан қоқысты полиэтилен пакетке салып, балконнан төмен тастап жіберетіндер кездеседі. Бірақ оны үлкендер емес, балалар жасайтын шығар деп ойлаймын. Өйткені бүгінде таңнан кешке дейін телефонға телміріп отыратын балалар көпқабатты үйден төменге түсіп, қоқысын арнаулы жәшікке тастауға да ерінеді ғой. Ата-анасы «қоқысты шығардың ба?» десе, «иә» деп құтыла салады. Соның бәрін жинап жүру оңай ма? Кейде 15-20 минут бұрын тазалап кеткен жеріңде де қоқыс жатады. Ер кісілер темекісінің тұқылын кез келген жерге тастап кете беретіні бар. Әйтпесе, әрбір кіреберістің алдында қос-қостан шағын қоқыс жәшігі тұр ғой...
– Бұл жұмысқа қалай келдіңіз? Алғашқы кезде өзіңізді ыңғайсыз сезінбедіңіз бе?
– Әрине, біздің қоғамда адамдар жұрттың пікірімен санасып өмір сүреді ғой. Сондықтан жұрттың жақтырмайтын жұмысына кім болса да жақындағысы келмейді. Аула сыпыруды лас жұмыс дейтіндер көп. Бірақ ешкім қоқысты қолмен термейді ғой. Бір қолыңда сыпыртқы болса, бір қолыңда күрек. Қоқысты жинаудың қиындығы жоқ.
Әрине, алғашқы кезде аула сыпырып жүргенде таныс-біліс көріп қалмасын деп қуыстанып жүресің. Біздің жұмыс көктем мен жазда – шаң мен қоқыс, күзде – жапырақ, ал қыста – қар мен мұзды тазалау.
Менің жасым қазір 58-де. Төрт баланың анасымын. Үлкендері өз алдына шаңырақ көтеріп кетті. Қазір қолымда кенже ұлым бар. Бала жұмыста, келін үйде. Тұңғыштары студент. Бала мен келін «қайтесіз, немерелеріңізге қарап үйде отырсаңызшы, шайыңызды уақытылы ішіп, теледидардан сериал көріп» дейді. Ал менің үйде отырғым келмейді. Жас кезімде бір-екі жыл ауылда еңбек еттім. Кейін музыкалық училище бітіріп, ауыл клубында жұмыс істедім. Күйеуге шыққан соң жұмысқа мұрша болмады. Бір үйдің кіші келіні болдым. Ата-енені күту, балаларды сабаққа дайындау, үйдің тамағын істеп, кірін жуу дегеннен артылмайсың. Кейін ата-енеміз дүниеден өтіп, балалар ер жете бастағанда түрлі жұмыс істедік, базарда ұсақ-түйек саттық, кафелерде тамақ пісірдік, ыдыс-аяқ жудық, анау бір қиын кездерде. Қазір ондай жұмыстарды негізінен жастар істеп жүр ғой. Сонымен осы жұмысқа келдік...
– Бұл істеп жүрген жұмысыңызға бала-шағаңыз қалай қарайды?
– Әрине, бастапқы кезде қарсы болды. Ренжіп те жүрді. Бірақ менің жұмыссыз отыра алмайтыныма көзі жеткен соң қойды. Біздей орта жастан асқан адамдарға еңбек ету, көп қозғалу денсаулыққа пайдалы. Адам үйде бір отырып қалса, шыққысы келмей қалады. Одан қан қоюланып, түрлі ауру пайда болады. Сондықтан өз жұмысымды пайдалы жұмыс деп ойлаймын. Үнемі таза ауада жүремін.
– Табысыңызға көңіліңіз тола ма?
– Құдайға шүкір. 150 мың теңге аламын. Осында өзімнен басқа тағы 2 аула сыпырушы бар. Кезектесіп, ауысыммен істейміз. Қаланың сырт жағында тұрамын. Таңертең үйден ерте шығып, күн батқанда қайтамыз.
P.S. София апаймен әңгімеміз аяқталған соң ол кісіні суретке түсіргім келіп еді, «қайтесің» деп келісім бермеді. Өзінің қай жерде істейтінін де, қай жерде туып, қай жерде тұратынын да жазабағанымды қалады. «Газетке шыққан соң таныс-біліс көріп қалса, жұрт әңгіме қылып, бала-шағам ренжіп жүрер» деп өзі туралы анық мәліметтерді айтқысы келмеді. Біз де кейіпкеріміздің өтінішін орындадық.
Біздің қоғамда адамды жұмысына қарай бағалау деген әдет әлі де бар ғой. Кейіпкеріміз де содан тартынады.
Жалпы, қоғамда қарапайым еңбек адамдарына деген көзқарас өзгеруі керек. Адам істеп жүрген ісімен емес, соған деген адалдығымен бағалануы керек. Мәселен, Жапония сияқты елдерде көше сыпырушыларды «денсаулық инженерлері» деп атайды және олардың жалақысы мен беделі өте жоғары.
Қоғамның көрінбейтін кейіпкерлері жұрттың көзіне түскісі келмейді. Олар өз еңбегі үшін марапат дәметпейді, дәріптеуді де қажет санамайды. Бірақ солар біздің қоршаған ортаның тазалығын сақтап жүрген нағыз қаһармандар дер едік.
Ахмет ЖҰМАҒАЛИҰЛЫ