Түркістанда кәсіпкер келіншек 20 млн теңге заңсыз субсидия алған

Бүгін, 09:38 / Алуа Арман
istockphoto.com

Түркістан облысының Арыс ауданының прокуратурасы агроөнеркәсіп саласында бюджет қаражатын аса ірі мөлшерде жымқыру фактісін анықтады, деп хабарлайды turkystan.kz.

Атап айтқанда, «Ы» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативінің төрайымы 2021 жылдың сәуір айында ақпараттық жүйеге кооператив атына 2470 бас аналық ірі қара малды жалға алғаны туралы жалған мәліметтің, сондай-ақ селекциялық жұмыстар жүргізу үшін 120 бас асыл тұқымды бұқаны жалға алғаны жөнінде ақпараттың енгізілуін ұйымдастырған. 

Сәйкесінше мемлекеттен кооперативтің банктік есепшотына 24 700 000 теңге көлемінде субсидия қаражаты аударылған. 

Алайда іс жүзінде селекциялық жұмыстар тек 18 бас асыл тұқымды бұқа және 450 бас аналық ірі қара малға ғана жүргізіліп, заңсыз алынған субсидия сомасы 20 200 000 теңгені құраған. 

Аталған факті бойынша прокуратура қылмыстық кодекстің 190-бабы 4-бөлігі 2) тармағы (аса ірі мөлшерде алаяқтық) бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастаған. 

Соттың 20 ақпан 2026 жылғы үкімімен «Ы» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативінің төрайымы аталған бап бойынша кінәлі деп танылып, оған 4 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру және 5 жыл мерзімге коммерциялық ұйымдарда басшылық лауазымдарды атқару құқығынан айыру жазасы тағайындалды. 

Заңсыз алынған ақшалай қаражат толық көлемде өндіріліп, мемлекет кірісіне қайтарылды. 

Үкім заңды күшіне енген жоқ.

Тэгтер:

Түркістан облысы мал шаруашылығы Ауыл шаруашылығы субсидия Арыс