Айқын Төлепберген махаббат туралы әндерінің кімге арналғанын айтты

Бүгін, 06:55 / Нұрлан Әлинұр
Әлеуметтік желіден

Қызық Times жобасының кезекті шығарылымында әнші Айқын Төлепбергеннің лайв концерт өтті. Әнші студияда өз әндерінің тарихына тоқталып, махаббат туралы әндері кімге арналғанын ашып айтты, деп хабарлайды turkystan.kz nur.kz-ке сілтеме жасап.

Бағдарлама басында Айқын "Қатты атты оқ" әнін жанды дауыста орындады. Қазақ эстрадасында өнер көрсетіп жүргеніне 25 жыл болған Айқын шығармашылық жолында болатын қиындықтар туралы ағынан жарылды.

Әншінің айтуынша, бір ғана хит әннің артында қаншама еңбек, ізденіс пен талпыныс тұрады. Мәселен, бір хиттің жарыққа шығуы үшін бірнеше рет талпынып, қайта жазып, қайта іздеу қажет болады. Айқын бір кездері екі жылдың ішінде 25 ән жазғанын айтып, шығармашылық жолының оңай болмағанын да жасырмады.

Бұл жолғы бағдарламаға Айқын жалғыз келген жоқ. Ол студияға жұбайы, танымал әнші Жұлдыз Өмірғалимен бірге келді.

Айқынның өнердегі ерекшелігі – ол кез келген мерекеде, тойда немесе концертте тек жанды дауыста ән айтады. Бұл – оның тыңдарманға деген құрметі мен сахна мәдениетіне деген жауапкершілігін көрсетеді.

Әрі қарай бағдарламада Айқын тағы да бірнеше танымал әндерін жанды дауыста орындады. Солардың бірі – көпшілік сүйіп тыңдайтын "Жалаң аяқ" әні. Әнші бұл шығарманың шығу тарихымен бөлісіп, қызықты бір деректі де айтты. Көпшілік байқамайтын бір жайт бар екен: әннің ішінде француз тіліндегі сөздер қолданылған. Тыңдарман көбіне әуенге беріліп кетіп, бұл детальға мән бермей қалатынын Айқын әзілмен жеткізді.

Жарнама

Сондай-ақ бағдарламада Айқынның махаббат туралы әндерінің көбісі жұбайы Жұлдызға арналғаны белгілі болды.

Бағдарлама барысында Айқынның 25 жыл бұрынғы және қазіргі жауаптары салыстырылды. Осыдан ширек ғасыр бұрын ол белгілі бір сұрақтарға қалай жауап берген? Ал қазір, тәжірибесі мол, өмірді басқаша түсінетін өнер иесі ретінде қалай жауап береді? Бұл салыстыру арқылы көрермен Айқынның тек әнші ретінде емес, тұлға ретінде де қалай өзгергенін көре алды.

Бағдарламада шағын ойын да ұйымдастырылды. Айқын мен Жұлдыздың көздері жабылып, оларға түрлі сұрақтар қойылды. Ерлі-зайыптылардың жауаптары көрерменге қызық әрі көңілді сәттер сыйлады.

Ал одан кейін сахнада ерекше романтикалық ән шырқалды. Айқын "Сүйгенім" әнін орындап, бұл шығарманың да Жұлдызға арналғанын айтты. Әннің әр жолынан шынайы сезім мен махаббат байқалып тұрды.

Бағдарламаның соңғы бөлігінде Айқын мен Жұлдыз сахнаға бірге шығып, көпшілік сүйіп тыңдайтын "Жұлдызым" әнін дуэт ретінде жанды дауыста орындады.