Ақтөбелік 68 жастағы зейнеткер алаяқтардың әрекетінен баспанасынан айырылып, қазір қарттар үйінде тұрып жатыр, деп хабарлайды turkystan.kz.
Оқиға туралы оның туысы айтып берген. Оның сөзінше, әйел жалғыз тұрған: күйеуі мен ұлы қайтыс болған. Төрт жыл бұрын алаяқтар оның атына 2 миллион теңге несие рәсімдеп жіберген. Банк бұл ақшаны оның зейнетақысынан ұстап отырған.
«Ол полицияға да, прокуратураға да жүгінді, бірақ ешқандай шара қолданылмады. Несиені жабу үшін әйел үйін сатуға мәжбүр болды», – дейді туысы.
Қалған ақшаға зейнеткер ескі бір бөлмелі пәтер сатып алған, бірақ онда бар-жоғы бір жыл ғана тұрған. Өткен жылдың тамыз айында ол тағы да алаяқтардың құрбанына айналған.
Алаяқтар әйелді қорқытып, телефоны тыңдалып жатыр деп сендірген және құқық қорғау органдарына жүгінуге тыйым салған. Солардың қысымымен зейнеткер риелторлар арқылы өзі тұрған пәтерді сатып, түскен ақшаны қаскөйлерге беріп қойған.
«Соның салдарынан әйел далада қалды. Әлеуметтік қызметкерге рақмет — ол кісіні қарттар үйіне орналастыруға көмектесті», – дейді туысы.
Туысының айтуынша, алаяқтар зейнеткерге телефондағы барлық байланыс нөмірлерін өшіртіп, жақындарымен сөйлесуге де тыйым салған.
Адвокаттың айтуынша, алаяқтық бойынша бірінші іс жақында қаралып, тоғыз адам сотталған. Сот шешімі бойынша жәбірленушінің пайдасына 2 миллион теңге өндіріп алу белгіленген: бір сотталғаннан – 1 миллион, тағы екеуінен – 500 мың теңгеден. Алайда бұл ақша әлі күнге дейін әйелге қайтарылмаған.
Ақтөбе облыстық полиция департаменті бұл жағдайға қатысты пікір білдірді.
«Қылмыс әзірге ашылған жоқ, тергеу әрекеттері жалғасып жатыр», – деп хабарлады Ақтөбе облыстық ПД баспасөз қызметі.