Биыл Үкіметтің болжамы бойынша құны 1,7 триллион теңге болатын 200 кәсіпорын қызметін бастап, тағы 20 мың жұмыс орны ашылмақ – Тоқаев

Бүгін, 13:30 / Дана Ізтілеуова
Алматы қаласының әкімдігі

Президент барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының ІІІ республикалық форумында еліміздің әр түпкірінде жалпы құны 1,5 триллион теңге болатын 190 өндіріс орны іске қосылғанын атап өтті, деп хабарлайды turkystan.kz.

«Ондаған жылдар бойы экономикамызда тапшылық, біржақтылық көп болғанын білесіздер. Бұл еліміздің одан әрі дамуына үлкен кедергі болды, әлі күнге дейін осындай келеңсіз үрдіс бар. Өндіріс және ауыл шаруашылығы саласы баяу дамыды. Коммуналдық-шаруашылық, энергетика, су, жол инфрақұрылымының әбден тозығы жетті. Қазір ахуал Үкіметтің нақты мақсаттарға сай жұмысының арқасында біртіндеп өзгеріп жатыр. Біз мемлекетіміздің жаңа индустриялық, энергетикалық және инфрақұрылымдық арқауын, яғни каркасын жасауға кірістік. Мысалы, өңдеу өнеркәсібінің даму қарқыны екі жыл қатарынан 6 пайыздан асып отыр. Бұл үдеріс аймақтардың мықты экономикалық негізін қалыптастыруға мүмкіндік береді. Былтырдың өзінде еліміздің әр түкпірінде жалпы құны 1,5 триллион теңге болатын 190 өндіріс орны іске қосылды. 22 мыңнан астам тұрақты жұмыс орны ашылды. Ал биыл Үкіметтің болжамы бойынша құны 1,7 триллион теңге болатын 200 кәсіпорын қызметін бастайды. Онда 20 мыңға жуық жұмыс орнын ашу жоспарланған. Осылайша, Қазақстанның бұрынғы индустриялық қуаты жандана түседі. Өнеркәсіптің мүлде жаңа салалары пайда болады. Мысал ретінде машина құрастыру және электр техникасының жабдықтарын жасау саласын айтуға болады», – Қасым-Жомарт Тоқаев