Астанада көші-қон заңнамасын бұзған 1400 шетел азаматы жауапқа тартылды

Бүгін, 10:48 / Алуа Арман
polisia.kz

Астана қаласы полиция департаментінің көші-қон қызметі басқармасы көші-қон заңнамасының сақталуын қамтамасыз ету және құқық бұзушылықтардың алдын алу бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіп келеді, деп хабарлайды turkystan.kz.

Жыл басынан бері жүргізілген тексерулер мен рейдтік іс-шаралар барысында Қазақстан Республикасының халықтың көші-қоны саласындағы заңнамасын бұзу деректері анықталды.

Атап айтқанда Қазақстан Республикасының әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 517-бабы бойынша шетелдіктің немесе азаматтығы жоқ адамның көші-қон заңнамасын бұзғаны үшін 1400 шетелдік әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Сонымен қатар шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарды қабылдаушы жеке және заңды тұлғалардың көші-қон заңнамасын бұзғаны үшін ӘҚБтК-нің 518-бабы бойынша Қазақстан Республикасының 432 азаматы жауапкершілікке тартылды.

Бұдан бөлек, Қазақстан Республикасының заңнамасын бұза отырып шетелдік жұмыс күшін және еңбек иммигранттарын тарту деректері де анықталды.

ӘҚБтК-нің 519-бабы бойынша мұндай құқық бұзушылықтарға жол берген 32 жұмыс беруші әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Қабылданған шаралардың нәтижесінде Әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соттың шешімімен 250 шетелдік Қазақстан Республикасының аумағынан шығарылды.

Оның ішінде 57 шетелдік мәжбүрлі түрде ел аумағынан шығарылды. Полиция департаменті азаматтарды және елорда қонақтарын Қазақстан Республикасының көші-қон заңнамасының талаптарын қатаң сақтауға шақырады.

Шетел азаматтарын қабылдайтын тұлғалар олардың уақытылы тіркелуін және ел аумағында заңды негізде болуын қамтамасыз етуі тиіс.

Тэгтер:

шетел азаматы Шетелдік заң бұзу көші қон