Атырауда үйінде питон ұстаған әйелге айыппұл салынды

Бүгін, 10:36 / Інжу Әлихан
istockphoto.com

Атырау қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған сотында ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 389-бабының 1-бөлігі бойынша азаматша Д.-ға қатысты іс қаралды, деп хабарлайды turkystan.kz.

Сот деректеріне сәйкес, ол тұрғылықты мекенжайында салмағы 30 кг, ұзындығы 3–3,5 метр болатын питонды CITES талаптарына сәйкес рұқсат құжатсыз ұстаған.

Құқық бұзушылық фактісі хаттамалармен және фотосуретпен дәлелденді. Кодекстің 389-бабының 2-бөлігіне сәйкес, мұндай жағдайда жануар тәркіленіп, жеке тұлғаға 10 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынады.

Сот қаулысымен азаматша Д. кінәлі деп танылып, оған әкімшілік жаза ретінде айыппұл салынды. Жеке жағдайы ескеріліп, айыппұл сомасы 30%-ға қысқартылып, 30 275 теңге көлемінде белгіленді. Питон мемлекет кірісіне тәркіленді.

Сот қаулысы заңды күшіне енген жоқ.