ШҚО-да заң бұзған 18 шетел азаматы анықталды

Бүгін, 09:35 / Інжу Әлихан
Polisia.kz

"Құқықтық тәртіп" жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында көші-қон қызметінің қызметкерлері уақытша және тұрақты тұратын шетелдік азаматтардың тіркеу мекенжайларын, сондай-ақ қабылдаушы тұлғалардың олардың келуі туралы хабарламаларының болуын тексеруде, деп хабарлайды turkystan.kz.

Өскемен қаласында жүргізілген рейдтік іс-шара барысында бір күннің өзінде Қазақстан Республикасының аумағында заңсыз еңбек қызметін жүзеге асырған 18 шетелдік азамат анықталды.

10 наурыз күні мекенжайлардың бірін тексеру кезінде полиция қызметкерлері уәкілетті органның рұқсатынсыз жұмыс істеген әрі уақытша тұруға рұқсаты жоқ көршілес мемлекеттің азаматтарын анықтады. Белгілі болғандай, олардың кейбірі бұған дейін де осындай құқық бұзушылықтары үшін жауапкершілікке тартылған.

«Көші-қон заңнамасын қайталап бұзғаны үшін 7 шетелдік азамат Қазақстан Республикасының аумағынан шығарылды. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, оларға ел аумағына бес жыл мерзімге кіруге тыйым салынды. Сонымен қатар жұмыс беруші де жауапкершілікке тартылып, мемлекет пайдасына 100 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл төлеуге міндеттеледі», — дейді ШҚО ПД көші-қон қызметі басқармасының бастығы Ринат Шкибаев.

ШҚО полиция департаментінің көші-қон қызметі аумағында уақытша болатын шетелдік азаматтарға уәкілетті органның рұқсатынсыз еңбек қызметін жүзеге асыруға тыйым салынатынын ескертеді.