Қызылордада полицейлер талмасы ұстаған жүргізушіні құтқарып қалды

Бүгін, 07:23 / Нұрлан Әлинұр
istockphoto

Қызылорда облысында патрульдік полиция қызметкерлері жас жігіттің өмірін сақтап қалды.

Облыстық полиция департаментінің хабарлауынша, оқиға 9 наурыз күні таңғы уақытта болған.

Полицейлер патрульдеу барысында көше қиылысында жол жиегіне шығып кеткен автокөлікті байқаған.

"Көліктің дөңгелегі жарылғанын көрген полиция қызметкерлері мән-жайды анықтау мақсатында көліктің жанына келген. Осы сәтте олардың қасына бір азаматша жүгіріп келіп, өзінің інісі көлік жүргізу кезінде талмасы ұстап, көлік ішінде ес-түссіз жатқанын айтып, шұғыл көмек сұраған", - деп хабарлады басқармада.

Оқиға орнында жедел әрекет еткен полиция қызметкерлері азаматқа алғашқы медициналық көмек көрсетіп, 21 жастағы жігіттің есін жиғызып, оның өмірін сақтап қалды.

Полицейлер жедел жәрдем қызметін шақырып, жігітті дәрігерлерге тапсырды.