Алматы қаласындағы аудандардың бірінен терісі сыпырылған иттердің өлекселері табылған. Тұрғындардың айтуынша, мұндай жағдай бірінші рет болып отырған жоқ. Аталған жайтқа қалалық ПД өкілі жауап берді, деп жазады "Астана" телеарнасына сілтеме жасаған turkystan.kz.
Тұрғындардың айтуынша, мұндай жағдай бұл аумақта алғаш рет емес. Күдікті сол маңдағы жер үйде тұрады. Ал көршілері бұған дейін де бұл жақтан жағымсыз иіс шығып, күмәнді дыбыстар естігенін айтты.
"2025 жылы біз бірінші тұрған көршінің ауласына кірдік. Онда иттердің өлі денелері мен сүйектері жатты. Учаскелік полиция келгенде бұл жеке аумақ, ештеңе істей алмаймыз деді. Олардың үйінде әрдайым көп ит болатын. 10-15 шақты. Буаз иттерді жиі көретінбіз. Күшіктері туғаннан кейін олар көрінбей кетеді де, тек аналары ғана қалатын", - дейді аудан тұрғын Юлия Шупракова.
Мамандардың айтуынша, жануарлардың терісі кәсіби түрде сыпырылған. Кейбірінде құлағы мен тұмсығы жоқ. Бұл әдетте теріні арнайы өңдеу кезінде қолданылатын тәсілге ұқсайды дейді олар.
"Барлығы өте ұқыпты кесілген. Сондықтан мен мұны әдейі істеген болуы мүмкін деп ойлаймын. Меніңше, жануарлардың терісін алып, белгілі бір мақсатта пайдаланбақ болған. Мысалы теріден бұйым жасауға, белбеу ме немесе ит майын алу үшін істеген болуы мүмкін", - дейді Халықаралық жануарларды қорғау ұйымының мүшесі Мунира Баянбулова.
Алынған терілер мен басқа да дене мүшелері қайда кетіп жатқаны белгісіз. Көршілердің сөзінше, бұл іспен 22 жастағы жігіт айналысып жүрген болуы мүмкін. Табылған жануарлардың қалдықтары сараптамаға жіберіліп, күдіктілерге қатысты іс қозғалды.
"Аталмыш дерек бойынша Алатау аудандық полиция басқармасымен қылмыстық кодекстің 316 бабының нормалары бойынша қылмыстық іс қозғалып, қазіргі таңда іскесу шаралары жүргізілуде. Бірнеше жұмыс болжамдарымыз бар, оларды жария ете алмаймыз. Өйткені істің ашылып, ашылмауына кесірін тигізуі мүмкін. Бірақ міндетті түрде анықталып, күдіктілер жауапқа тартылады", - дейді қалалық ПД ресми өкілі Салтанат Әзірбек.
Айта кету керек, үй жануарларын өлтіргендерге тек айыппұл салынады.