Ақтөбе облысында ақбөкендерді заңсыз аулған браконьерлер ұсталды, деп хабарлайды turkystan.kz.
Байғанин ауданында жүргізілген рейдтік іс-шаралар барысында полиция қызметкерлері браконьерлік әрекеттің жолын кесті. Тәртіп сақшылары дала аймағында күмән тудырған УАЗ автокөлігін байқап, қысқа уақыт қудалаудан кейін көлікті тоқтатқан.
"Көлікті тексеру кезінде жүк бөлігінен мотоцикл және 14 ақбөкеннің еті табылды. Кейін тексеру барысында автокөлікте отырған Атырау облысының үш тұрғынынан 12 калибрлі аңшы мылтығы, рация, дүрбі және пышақтар тәркіленді. Қазіргі уақытта сирек кездесетін және жойылып кету қаупі бар, сондай-ақ пайдалануға тыйым салынған жануарлар түрлерімен заңсыз айналысу бабымен сотқа дейінгі тергеу басталды", - деп жазылған Ақтөбе облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметі таратқан ақпаратта.