Танымал әнші Төреғали Төреәлі ел арасынан жас әнші іздеп, оны эстрада сахнасына алып шығуға ниетті, деп хабарлайды turkystan.kz.
Бұл жайлы ол әлеуметтік желідегі парақшасында мәлімдеді.
«Құрметті достар! Көңілімде көптен бері жүрген бір ой бар. Мен еліміздің жас әрі талантты әншілерінің бірімен дуэт орындағым келеді. Қай қалада тұратыныңыз маңызды емес. Ең бастысы — таза дауыс, шынайы ниет және өнерге деген махаббат. Егер менімен дуэт айтқыңыз келсе — сізде осындай мүмкіндік бар. Біз бірге жаңа ән жазамыз. Ұшақ билеті, тұру және бейнебаян түсіру шығындарының барлығын мен өз мойныма аламын. Сізден тек әдемі ән айту, жүректен шығатын өнер керек», – деп жазды Т. Төреәлі.
Сонымен қатар ол композиторларға да үндеу жасады.
«Егер сіздерде жақсы әндер немесе әуендер болса, өз ұсыныстарыңызды жіберіңіздер. Келіңіздер, бірге халықтың рухын көтеретін, жүректерге жететін, елге сүйікті болатын жаңа ән жасайық. Сіздерді күтемін. Өнер жолында бірге кездескенше!», – деді әнші.