Алматыдағы «Радио үйі» ғимаратында «Шалқар» радиосының толық жөндеуден өткен жаңа студиясы салтанатты түрде ашылды. Жаңа студияға қазақтың тұңғыш радиодикторы, Қазақ радиосының ардагері, КСРО-ның құрметті радисі, Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген мәдениет қайраткері Мина Сейітованың есімі берілді, деп хабарлайды turkystan.kz.
Салтанатты шараға радио саласының ардагерлері, қазіргі қызметкерлері және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты. Студияның тұсаукесер рәсімінде Руслана Құдайбергенова, Сауық Жақанова, Алтын Иманбаева сынды радионың бірқатар аға буын өкілдері сөз сөйлеп, бұл бастаманың маңыздылығын атап өтті.
Жаңа студия «Шалқар» радиосының 60 жылдық мерейтойы аясында, талай дикторға тәлім берген ұстаз, радио өнерінің көрнекті өкілі Мина Сейітованың жарқын есімін ұлықтау мақсатында ашылды.
Бүгіннен бастап жаңа студиядан «Шалқар» радиосының тікелей эфирдегі оннан астам бағдарламасы тыңдарманға жол тартады. Заманауи үлгіде жабдықталған студия қабырғасына Мина Сейітованың портреті орналастырылып, интерьерде Астана мен Алматы қалаларының көрікті жерлері бейнеленген.
Мина Сейітова 1919 жылы 20 тамызда Қостанай облысы Қарабалық ауданының №9 ауылында дүниеге келген. Ол 1934 жылы небәрі 15 жасында Қазақ радиосына қызметке қабылданды.
Екінші дүниежүзілік соғыс жылдары Мәскеуден тараған ресми ақпараттарды КСРО халықтарына Юрий Левитан жеткізсе, қазақ даласына соғыс хабарларын Мина Сейітованың үні жеткізді.
Ол микрофон алдында 44 жыл қызмет етіп, радио саласында бірнеше буын диктор мен мәдениет қайраткерлерін тәрбиеледі. Оның шәкірттерінің қатарында Қазақ КСР-інің халық әртісі Әнуарбек Байжанбаев, КСРО халық әртісі Ермек Серкебаев, Қазақ КСР-інің халық әртісі Зәмзагүл Шәріпова, ақын Мұқағали Мақатаев, КСРО халық әртісі Бибігүл Төлегенова, дикторлар Мамбет Сержанов, Геннадий Марюхин, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Сауық Жақанова және басқа да танымал тұлғалар бар.
Қазақтың тұңғыш дикторы Мина Сейітова еңбек жолында бірнеше жоғары мемлекеттік наградалармен марапатталған. 1978 жылы құрметті демалысқа шығып, 1987 жылы дүниеден өтті.