"Халық дегеніміз – билік, билік – дегеніміз халық": депутат үндеу жасады

Бүгін, 15:29 / Ербұлан Қайрат
сурет: parlam.kz

Мәжіліс депутаты Нартай Сәрсенғалиев жаңа Конституция жобасындағы қоғамда қызу талқыланып жатқан жекелеген баптар жөнінде үндеу жасады, деп хабарлайды turkystan.kz.

Оның айтуынша, Жаңа Конституция жобасын жасауға 130 маман ат салысқан, ал кеңес берушілер мен заңгерлерді қосқанда бұл тізім мыңдап саналады.

«Бұрынғы Конституцияны тек 12 адам жазды, 9-ы қазақстандық, 3-і шетелдік. Сол себепті жаңа Ата Заң халықтық сипатқа ие деп айтуға толық негіз бар», – деді депутат.

Сарапшылар жаңа құжаттың әр тармағы мұқият зерттелгенін айтады.

Депутат жаңа Ата заңның Мемлекет басшысы бастаған саяси өзгерістердің логикалық түйіні екенін атап өтті.

«Конституцияның преамбуласындағы әр бастама, Ата Заңдағы тарихымыздың айшықты көрінісі, Әділетті Қазақстан, билік институттарының жаңғыруы және адам құқығын қорғау секілді маңызды бастамалардың негізгі авторы – Мемлекет басшысы», – деді Сәрсенғалиев.

Сәрсенғалиевтің мәліметіне сәйкес, жаңа Конституцияда адам капиталының, білім мен ғылымның дамуы мемлекет қызметінің стратегиялық бағыты деп танылған.

«Бұрын біз дарынды жастар шетелге кетеді деп алаңдайтын едік, енді жаңа Конституция олардың дамуына жағдай жасайды», – деді депутат.

Сонымен қатар, жаңа бап бойынша Қазақстан азаматында қос немесе көп азаматтыққа жол берілмейді, бұл ұлттық қауіпсіздік пен саяси тұрақтылыққа бағытталған қадам.

«Қос азаматтыққа тыйым салу – мемлекет егемендігі мен ұлттық қауіпсіздікті қорғаудың негізгі құралы», – деп түсіндірді ол.

Жаңа Конституцияда президенттік квота және ассамблея өкілдерінің Мәжіліске тағайындалуы жойылған. Сондай-ақ, теңге ұлттық валюта ретінде бекітіліп, оның шығару құқығы тек Қазақстан Республикасына тиесілі екені Конституцияға енгізілген.

«Бұл – ақша шығару жай техникалық процесс емес, бүкіл экономиканың тепе-теңдігіне әсер ететін аса сезімтал мәселе», – деді депутат.

Сәрсенғалиевтің айтуынша, енді Конституцияға өзгерістер тек жалпыхалықтық референдум арқылы ғана енгізіледі.

«Жобада тағы бір маңызды жаңалық бар. Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу тәртібі күшейтіліп отыр. Ендігі жерде Ата заңға өзгерістер тек жалпыхалықтық референдум арқылы ғана қабылданады. Оны өзгерту тек халықпен бірге іске асатын мызғымас тұғырға айналды. Бұл азаматтық ұстанымның саяси биіктігі деп білеміз. Ең бастысы, Жаңа Конституцияда «Мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы және егемендік иесі – Қазақстан халқы», - деп тайға таңба басқандай жазылған. Яки, халық дегеніміз билік, билік дегеніміз халық. Бөліп жаратын дүние жоқ. Жаңа Конституция елдің де, жердің иесі боп табылатын Халықтың мүддесіне қызмет етсін!» – деді ол.

Тэгтер:

депутат үндеу халық Конституция