Қазақстан, Өзбекстан және Әзербайжан жасыл энергетиканы бірлесіп дамытады

Бүгін, 15:11 / Алуа Арман
istockphoto.com

Мәжіліс Әзербайжан және Өзбекстанмен жасыл энергияны өндіру және беру саласындағы стратегиялық әріптестік туралы келісімді ратификациялады. Құжатқа тараптар 2024 жылғы 13 қарашада Бакуде қол қойған, деп хабарлайды turkystan.kz.

Келісім үшжақты энергетикалық ынтымақтастықтың тұрақты моделін қалыптастыруға және жаңартылатын энергия көздері (ЖЭК) саласындағы ұзақ мерзімді өзара іс-қимылды дамытуға бағытталған.

Атап айтқанда, құжатта жаңартылатын энергия көздерінің әлеуетін тиімді пайдалану, Тараптар арасында, сондай-ақ Еуропа елдерімен және басқа да өңірлермен экологиялық таза электр энергиясының саудасын дамыту көзделген. Сонымен қатар жасыл электр энергиясын орнықты әрі болжамды түрде экспорттау үшін Орталық Азия мен Әзербайжанның энергетикалық жүйелерінің өзара байланысын қамтамасыз ету жоспарланып отыр.

Үшжақты ынтымақтастық аясында энергетикалық инфрақұрылымды жаңғырту және интеграциялау, сондай-ақ жаңа жүйеаралық байланыстар құруды қоса алғанда, бірлескен жобаларды іске асыру көзделген. Өзара іс-қимыл тараптардың тең құқықтылығы, өзара тиімділік, егемендік пен ұлттық мүдделерді құрметтеу қағидаттарына негізделіп, қатысушы мемлекеттердің ұлттық заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.

Келісім аясында жасыл энергияны тасымалдау жобасын іске асыру жоспарланған. Ол үшін Каспий теңізінің түбі арқылы Өзбекстан мен Қазақстаннан Әзербайжанға дейін суасты кабелі тартылып, кейін Қара теңіз энергетикалық дәлізіне қосу арқылы электр энергиясын Еуропа елдеріне жеткізу көзделеді.

Тэгтер:

Мәжіліс жасыл энергетика