«Балаңызды НЗМ-ға түсіремін»: Ақтөбеде мұғалім ата-аналарды алдап, қомақты ақша алған

Бүгін, 14:51 / Алуа Арман
istockphoto.com

Ақтөбеде жеке оқу орталығында математикадан сабақ беретін мұғалім алаяқтық жасағаны үшін сотталды, деп хабарлайды turkystan.kz.

Ол екі оқушысының анасын алдап, балаларын Назарбаев зияткерлік мектебіне (НЗМ) түсіруге уәде беріп, 3,2 миллион теңге алған.

Педагог оқушыларды НЗМ-ға түсу емтихандарына дайындап жүрген. Ол екі оқушының аналарына белгілі бір ақшаға олардың ұлдарын мектепке түсіріп бере алатынын айтқан. Әйелдер оған сенген. Бірі 1,5 миллион теңге, екіншісі 1,7 миллион теңге берген. Алайда мұғалім уәдесін орындамаған. Өздерінің алданғанын түсінген аналар полицияға жүгінген.

Сотта мұғалім кінәсін толық мойындап, үкім шыққанға дейін жәбірленушілерге келген шығынды толық өтеген.

Екі әйел де сотта айыпталушы барлық ақшаны қайтарып бергенін айтып, оны бас бостандығынан айырмауды сұрады.

Сот мұғалімді алаяқтық жасағаны үшін кінәлі деп танып, 3 жылға бас бостандығын шектеу жазасын тағайындады. Қосымша жаза ретінде ол осы мерзім бойы жыл сайын 100 сағат мәжбүрлі еңбекке тартылады.

Тэгтер:

мектеп мұғалім оқушы Бала ата-ана Назарбаев Зияткерлік мектебі НЗМ